Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін есепке алынатын еңбек өтілдері

Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін есепке алынатын еңбек өтілдері

Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-II Әлеуметтік Кодексінің 208-бап 1 тармағына сәйкес, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде мыналар:

          1) еңбек шарттары бойынша жеке және заңды тұлғалар ақы төлейтін жұмыс;

          2) әскери қызмет;

          3) арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі қызмет;

          4) мемлекеттік қызмет;

          5) кәсіпкерлік және кірістер әкелетін өзге де қызмет;

          6) басқа адамның көмегіне мұқтаж бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға, екінші топтағы мүгедектігі бар жалғызбасты адамға және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ сексен жасқа толған қарт адамдарға күтім жасаған уақыт;

          7) мүгедектігі бар 18 жасқа дейінгі балаға күтім жасаған уақыт;

          8) жұмыс істемейтін ананың жас балаларға күтім жасаған, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегіндегі уақыт;

          9) қылмыстық жауаптылыққа негізсіз тартылған және қуғын-сүргінге ұшыраған, бірақ кейіннен ақталған азаматтардың қамауда болған, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеген және айдауда болған уақыты;

          10) еңбекке қабілетті азаматтардың бұрынғы КСРО-ның уақытша басып алынған аумағында және Ұлы Отан соғысы кезеңінде басқа мемлекеттердің аумағына зорлықпен әкетілген адамдардың (жасына қарамастан), егер аталған кезеңдерде бұл адамдар Отанға қарсы қылмыс жасамаған болса, сонда болған, фашистік концлагерьлерде (геттоларда және соғыс кезеңінде мәжбүрлеп ұстайтын басқа да орындарда) ұсталған уақыт;

          11) Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар жұмыс істемейтін адамдардың және оларға теңестірілген мүгедектігі бар адамдардың мүгедектікте болған уақыты;

          12) бұрынғы кеңестік мекемелердің, Қазақстан Республикасының мекемелері мен халықаралық ұйымдар қызметкерлерінің зайыбы (жұбайы) шетелде тұрған, бірақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезең;

          13) әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері жұбайларының мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жерлерде жұбайларымен бірге тұрған, бірақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезең;

          14) Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жердегі жоғары оқу орындарындағы, оның ішінде даярлық курстарындағы, арнаулы орта оқу орындарындағы, училищелердегі, мектептердегі және кадрлар даярлау, біліктілікті арттыру және қайта мамандандыру курстарындағы, аспирантурадағы, докторантурадағы және клиникалық ординатурадағы, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарындағы оқу;

          15) ведомстволық бағыныстылығына және арнаулы немесе әскери атағының болуына қарамастан, әскерилендірілген күзеттегі, арнаулы байланыс органдарындағы және тау-кендік құтқару бөлімдеріндегі қызмет;

          16) Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі еңбек қызметі есепке алынады.