Ата заңымыздың 30 жылдығы – Тәуелсіздіктің темірқазығы

Ата заңымыздың 30 жылдығы – Тәуелсіздіктің темірқазығы

1995 жылдың 30 тамызында бүкіл халықтық референдум арқылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы – елдің құқықтық, саяси және әлеуметтік дамуының іргетасы. Биыл біз Ата Заңымыздың қабылданғанына отыз жыл толуын атап өтудеміз. Бұл тек мерей той ғана емес, өткен жолымызды саралап, болашаққа бағдар жасайтын маңызды кезең.

Конституция – мемлекеттіліктің басты белгісі, елдегі барлық заңдардың қайнар көзі және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі. «Ата Заң – Тәуелсіздіктің тірегі» деген сөздің мәні осыдан туындайды.

Конституция – қоғам бірлігінің кепілі. Конституция елдің ішкі тұрақтылығы мен ұлтаралық келісімнің негізі. Қазақстан – жүзден астам этнос пен түрлі конфессия өкілдері тату өмір сүретін мемлекет. Конституция осы татулық пен бірлікті сақтауға мүмкіндік беретін құқықтық тетіктерді қамтамасыз етеді.

Бұл мерейлі дата – Қазақстан халқы үшін тек заң саласының мерекесі ғана емес, сонымен қатар елдің демократиялық даму жолындағы жетістіктерін бағамдайтын маңызды кезең. Конституция – мемлекетіміздің құқықтық іргетасы, әрбір қазақстандықтың еркіндігі мен бостандығының кепілі.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақстан қоғамы түбегейлі өзгерістер кезеңін бастан өткерді. 1993 жылы қабылданған алғашқы Конституция өтпелі кезеңнің басты құжаты болса, 1995 жылғы жаңа Конституция – саяси тұрақтылықты қамтамасыз еткен және экономикалық реформаларға жол ашқан тарихи қадам болды.

1995 жылы халықтың тікелей қатысуымен өткізілген референдум нәтижесінде қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданды. Бұл тарихи қадам елдің тұрақтылығы мен бірлігін нығайтып, демократиялық даму жолын айқындады.

Конституцияның 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп жазылған. Бұл қағидаттар – еліміздің демократиялық мемлекет – билік халыққа тиесілі, халық еркін білдіру құқығын сайлау арқылы жүзеге асыру, зайырлылық – дін мен мемлекеттің бөлек қызмет етуі, әр азаматтың ар-ождан бостандығын қорғау, құқықтық мемлекет – заң үстемдігі, барлығының заң алдында теңдігі және әлеуметтік мемлекет – халықтың әл-ауқатын көтеру, әлеуметтік қорғау тетіктерін дамыту бағдарларын айқындады.

Конституцияның басты құндылығы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Онда, сөз, ар-ождан, шығармашылық бостандығы, жеке өмірге қол сұқпау, білім алу, еңбек ету, әлеуметтік қорғау құқықтары, ұлт пен тіл теңдігі бекітілген.

Бұл құқықтар – Қазақстан азаматтарының күнделікті өмірінде демократия мен әділеттіліктің сақталуына негіз болады.

Соңғы отыз жылда Конституция бірнеше рет жаңартылды. Бұл өзгерістердің мақсаты – уақыт талабына бейімделу, билік тармақтарының теңгерімді жүйесін қалыптастыру және азаматтардың қатысу мүмкіндігін арттыру.

2007 жылы Парламенттің рөлін күшейту, саяси партиялардың мүмкіндіктерін кеңейту шаралары қабылданды, 2017 жылы биліктің бір бөлігін Президенттен Парламент пен Үкіметке беру арқылы басқару жүйесі жаңғыртылды, 2022 жылғы референдумда адам құқықтарын қорғау, өлім жазасын толық жою, жер мен табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екенін нақтылау сияқты маңызды түзетулер енгізілді.

Конституция – тек заң мәтіні ғана емес, ол – өміріміздің арқауы және әр азамат үшін маңызды құжат. Сондықтан мектептерде, жоғары оқу орындарында Ата Заңды оқыту, Конституция күні қарсаңында түсіндіру шараларын өткізу – ел болашағы үшін маңызды іс.

Жастарға Конституцияның мәнін ұғындыру – олардың бойында отаншылдық сезімді, құқықтық мәдениетті қалыптастырады. Әр қазақстандық өз құқықтары мен міндеттерін білгенде ғана мемлекет пен қоғам дамиды.

Қазақстанда ұлт пен дін теңдігі қамтамасыз етіліп, этносаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау – мемлекеттің басым бағыттарының бірі болып келеді.

Қазақстан Конституциясының отыз жылдығы – тарихи белес. Бұл мерейтой елдің жетістіктерін бағамдап, болашаққа сеніммен қадам басуға мүмкіндік береді.
Конституция – бірлігіміздің, тұрақтылығымыздың және өркендеуіміздің кепілі. Оның қағидаттарына адал болу – әр азаматтың парызы. Конституцияны құрметтеу – Отанды құрметтеу.

Қазақстан Конституциясының отыз жылдығы – бұл өткенді бағамдап, құқықтық мемлекетті дамытудың жаңа кезеңіне қадам басатын тарихи мүмкіндік. Конституция – еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі, ал оны сақтау мен жетілдіру – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.