Бала туғанда және бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ жәрдемақы алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген және өзінің туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар шетелдіктерге бала туған күннен бастап беріледі.
Екі және одан көп бала туған кезде бала туғанда берілетін жәрдемақы әрбір балаға тағайындалаып, төленеді.
Бала туғанда және бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақыны тағайындау үшін жүгіну мерзімдері бала туған күннен бастап он сегіз айдан аспауы тиіс.
Бала күтіміне байланысты жәрдемақыны тағайындау кезінде отбасы құрамында ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтары шектелген балалар есепке алынбайды.
Бала күтіміне байланысты жәрдемақы мемлекеттің толық қамтамасыз етуіндегі балаларға тағайындалмайды.
Бала күтіміне байланысты жәрдемақы:
1) баланың туу туралы куәлігінде көрсетілген туған күнінен бастап, бала бір жарым жасқа толғанға дейін қоса алынады;
2) асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар адамдарға (отбасыларға) – соттың баланы (балаларды) асырап алу туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап немесе қорғаншылық белгіленген күннен бастап бала бір жарым жасқа толғанға дейін;
3) қандастарға – бала туған күннен бастап, бірақ қандас мәртебесі белгіленген күннен кейін тағайындалады.
Бір жарым жасқа толмаған екі және одан көп балаға күтім жасалған аналарға, бала күтіміне байланысты жәрдемақы әр балаға тағайындалып, төленеді.
Бір жарым жасқа толмаған бала қайтыс болған жағдайда, төлемдер баланың қайтыс болған айына қоса жүргізіледі.
Бір жарым жасқа толмаған бала қайтыс болғаннан кейін бала күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындауға жүгінген жағдайда, бала күтіміне байланысты жәрдемақы баланың қайтыс болған айына қоса тағайындалып, төленеді.
Бала туғанда берілетін жәрдемақы мөлшері бала санының реттілігіне қарай:
Бірінші, екінші, үшінші балаға 38,0 айлық есептік көрсеткіш, `01.01 2025ж. жәрдемақының мөлшері 149 416 теңгені (2025ж. АЕК-3932т.) құрайды.
Төртінші және одан кейінгі бала туылғанда 63,0 айлық есептік көрсеткіш, 01.01.2025ж. жәрдемақының мөлшері 247 716 теңгені (2025ж. АЕК -3932т.) құрайды.
Бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы мөлшері бала санының реттілігіне қарай:
бірінші балаға – 5,76 айлық есептік көрсеткіш, 22 649 теңге;
екінші балаға – 6,81 айлық есептік көрсеткіш, 26 777 теңге;
үшінші балаға – 7,85 айлық есептік көрсеткіш, 30 867 теңге;
төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 айлық есептік көрсеткіш 34 995 теңге мөлшерінде төленеді.
Бала туғанда және бала күтіміне байланысты жәрдемақы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өзгеруі ескеріле отырып төленеді.
Халықты әлеуметтік қорғау
саласындағы реттеу және бақылау
комитетінің Қызылорда облысы
бойынша департаменті