Әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы.

Әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты  зейнетақы төлемдерін алуға құқығы.

Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII ҚРЗ Кодексінің 207-бабының 3-тармағына сәйкес,  5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.

          Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 232 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу (айқындау), оларды тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау қағидаларының» 7 тармағына сәйкес, 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге жасына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалған кезде осы Қағидалардың 4 және 6-тармақтарына көрсетілген: балалардың туу туралы куәліктері (немесе азаматтық хал актілерін жазу органдары берген туу туралы актілік жазба немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама) және балаларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген фактіні растайтын құжаттар қосымша ұсынылады.

          Балаларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген фактіні растайтын құжаттарға (олардың бар-жоғына қарай) мыналар жатады:

          1) балалардың жеке басын куәландыратын құжаттар;

          2) балалардың неке туралы куәліктері (азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама) не некені бұзу туралы куәлік немесе неке қию туралы актілік жазбадан үзінді көшірме (тегін өзгерткен кезде);

          3) балалардың оқу орнында оқитыны туралы құжат;

          4) балалардың қайтыс болу туралы куәлік немесе хабарлама (азаматтық хал актілерін жазу органы берген қайтыс болу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама);

          5) әскери билет;

          6) баланы (балаларды) тәрбиелеу, асырап алу фактісін белгілеу туралы соттың шешімі.

          Өтінішті тікелей «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ арқылыда беруге болады.