Мемлекеттік қызметші – халық пен биліктің арасындағы көпір.

Мемлекеттік қызметші – халық пен биліктің арасындағы көпір.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметшінің әдебі – оның кәсіби біліктілігімен қатар жүретін маңызды қасиет. Қоғаммен ашық байланыс орнату, халықтың сенімін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – осының бәрі қызметкердің әдептілік деңгейіне тікелей байланысты.

Мемлекеттік қызметтің басты мақсаты – халыққа сапалы әрі әділ қызмет көрсету. Бұл міндетке жету жолында тек кәсіби білім мен тәжірибе ғана емес, сондай-ақ қызметкердің ішкі мәдениеті мен моральдық жауапкершілігі шешуші рөл атқарады. Осыған орай, әдеп – мемлекеттік қызметтің негізі, ал әдептілік – мемлекеттің айнасы.

Әдеп – бұл тек мінез-құлық ережелері ғана емес, ол қызметкердің ішкі ұстанымы, ұждандық қасиеті мен қоғамдық жауапкершілігінің көрінісі. Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі – осы ұстанымдарды жүйелейтін және қызмет барысындағы моральдық бағдар беретін маңызды құжат.

Кодексте мемлекеттік қызметші, халықпен сыпайы әрі құрметпен қарым-қатынас жасауы, әріптестеріне әділ әрі адал болуы, қызметтік өкілеттігін теріс мақсатта пайдаланбауы, мүдделер қақтығысына жол бермеуі, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуы міндеттеледі.

Соңғы жылдары Әдеп саласында бірқатар маңызды жаңашылдықтар енгізілді. Бұл өзгерістер мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртудың бір бөлігі болып табылады.

Қызметтен тыс уақытта да әдеп сақтау міндеті нақтыланды. Қызметкердің кез келген әрекеті қоғамның сынына ұшырауы мүмкін.

Әлеуметтік желілердегі мінез-құлық этикалық бақылауға алынды. Жалған ақпарат тарату, дау туғызатын мазмұн жариялау – тәртіп бұзушылық болып саналады.

Әдеп жөніндегі уәкілдердің өкілеттігі кеңейтілді. Олар енді моральдық-психологиялық климатты бақылап қана қоймай, ұжымдық шиеленістерді шешуге де белсенді араласа алады.

Профилактикалық шаралар күшейтілді. Мемлекеттік органдарда тұрақты түрде тренингтер мен семинарлар өткізу міндеттелді.

Электрондық ішкі мониторинг жүйелері енгізілуде. Бұл әдепке қатысты тәуекелдерді ерте анықтап, алдын алуға мүмкіндік береді.

Қоғамда мемлекеттік қызметшіге деген сенім – оның мінез-құлқы мен әдебіне байланысты қалыптасады. Әрбір мемлекеттік қызметкер қоғаммен ашық, сыпайы, әділ қатынас орнатуы тиіс. Оның сөзі, ісі, желідегі парақшасы – барлығы да қоғам тарапынан бақыланатынын ескеруі қажет.

Халықтың билікке деген көзқарасы көбіне нақты бір мемлекеттік қызметкердің іс-әрекетіне қарай қалыптасады. Сондықтан әрбір қызметкердің сөйлеу мәдениеті, тәртібі, этикасы – мемлекеттің беделін қалыптастыратын факторлардың бірі. Бұл жауапкершілік әр қызметкердің санасында берік орнығуы тиіс.

Мемлекеттік қызметші өз жұмысының әрбір қадамын халықтың сенімін арттыру үшін жасауы қажет. Әдептілік нормаларын сақтау – бұл тек міндет емес, сонымен қатар азаматтармен сенімді қарым-қатынастың негізі.

Мемлекеттің болашағы – мемлекеттік қызметшінің мәдениеті мен парасаттылығына байланысты. Әдеп – бұл ар мен абырой жолы. Оны сақтау – әр мемлекеттік қызметшінің азаматтық әрі кәсіби парызы.