Қиын сәттегі қолдау: уақытша болу жағдайындағы арнайы әлеуметтік қызметтер

Қиын сәттегі қолдау: уақытша болу жағдайындағы арнайы әлеуметтік қызметтер

Тәулік бойы уақытша тұруына (бір жылға дейін) немесе уақытша болуына (тәуліктің түнгі уақытында) арналған уақытша болу жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін мемлекеттік және мемлекеттік емес меншік нысанындағы ұйымдарда белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған немесе пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына және адам саудасының құрбандарына болуға арналған.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер бюджет қаражаты есебінен уақытша болуға арналған ұйымдарда қызмет алушылардың өтініші бойынша немесе аудан, облыстық және республикалық маңызы бар қала (астана) деңгейіндегі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, денсаулық сақтау және ішкі істер уәкілетті органдарының қызмет алушының нақты орналасқан жері бойынша жазбаша жолдамасы арқылы ұсынылады.

Әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіргісі келетін қызмет алушылардың уақытша болуға арналған ұйымда тәулік бойы тұру мерзімі бір жылдан аспайды.

Уақытша болу ұйымына жүгінген, бірақ қаңғыбастық өмір салтын өзгерткісі келмейтін адамдарға тәуліктің түнгі уақытында (жылдың жазғы уақытында сағат 21.00-ден 9.00-ге дейін, қысқы уақытта сағат 18.00-ден 10.00-ге дейін) ыстық тамақпен қамтамасыз етілмей койка орын беріледі.

Қызмет алушылардың жеке қажеттіліктерін бағалау негізінде уақытша болу ұйымының мамандары әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге келіскен әрбір қызмет алушыға ресоциализация шартын әзірлейді. Бұл шарт қызмет алушы ұйымға түскен күннен бастап бес күн ішінде бақылау жүргізілгеннен кейін дайындалып, келесі екі жұмыс күнінің ішінде жасалады.

Шартта ұсынылатын арнаулы әлеуметтік қызметтердің көлемі мен түрлері, уақытша болу ұйымының және қызмет алушының құқықтары мен міндеттері көрсетіледі.

Қызмет алушыларды білім беру ұйымына оқыту үшін бір жылға дейінгі мерзімге жіберу туралы шешімді уақытша болу ұйымының пәнаралық комиссиясының қорытындысы ескеріле отырып және қызмет алушыларға оқу кезеңіне тұрғын үй алаңын (жатақхананы) ұсыну туралы қабылдаушы тараптың жазбаша міндеттемесі болған кезде уақытша болу ұйымының әкімшілігі қабылдайды.

Білім беру ұйымдарында оқуды сәтті аяқтаған қызмет алушылар одан әрі әлеуметтік оңалту үшін уақытша болу ұйымына оралады.

Егде тартқан жасына, бірінші, екінші топтағы мүгедектігіне байланысты өзіне-өзі қызмет көрсетуі, қозғалуы қиын қызметтерді алушылар медициналық ұйымның және мүгедектігі бар адамның абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына (бұдан әрі – ОЖБ) сәйкес қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға және он сегіз жастан асқан адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынатын стационарлық үлгідегі ұйымға қабылданады.

Медициналық көрсетілімдерге байланысты уақытша болу ұйымында тұруға қарсы көрсетілімдер болған жағдайда, қызмет алушылар тиісті денсаулық сақтау ұйымдарына жіберіледі.

Қызмет алушыларды уақытша болу ұйымынан шығару келесі жағдайларда жүзеге асырылады: қызмет алушының жазбаша өтініші бойынша, тұрғын үйі мен өмір сүру қаражаты болған жағдайда; шарттың күшінің жойылуы немесе мерзімінің аяқталуы; шарт талаптарын мерзімінен бұрын орындау; қызмет алушының қайтыс болуы.

Қызмет алушылар келесі жағдайларда шығарылады: ішкі тәртіп ережелерін жүйелі түрде (үш реттен артық) бұзу, психоактивті заттарды әкелу және қолдану, мүлікті бүлдіру, құқыққа қарсы әрекеттер жасау, құмар ойындарға қатысу шектеуі бар болған жағдайда, медициналық қарсы көрсетілімдер анықталған кезде, рұқсатсыз ұйым аумағынан кетіп, үш күннен астам уақыт болмаған және әкімшілікке хабар бермеген жағдайда, жалған ақпарат бергенде, шарт талаптарын орындамаған жағдайда.

Уақытша болу ұйымының аумағынан кеткен адам жалпы тәртіп бойынша қалпына келтіріледі, ал негізді себептермен (ішкі істер органдарының ұстауы, денсаулық сақтау ұйымында болу) хабар бере алмағандар дереу қалпына келтіріледі.

Шығару немесе басқа уақытша болу ұйымына ауыстыру кезінде қызмет алушыларға маусымға сәйкес жеке және бекітілген киім-кешек, аяқ киім, сондай-ақ ұйымға сақтауға берілген құнды заттар (құжаттар) қайтарылады.

Қызмет алушыларды шығару, шығарып тастау немесе басқа ұйымға ауыстыру уақытша болу ұйымы басшысының бұйрығы негізінде жүзеге асырылады және ААЖ «Е-собес» жүйесіне белгі қойылады.

Уақытша болу ұйымдары — әлеуметтік қорғау жүйесінің маңызды буыны. Олар тек физикалық пананы ғана емес, сонымен қатар қалпына келтіру, әлеуметтік бейімделу және қалыпты өмірге оралудың жолын ұсынады. Бұл механизмдерді жетілдіру — әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі.