2024 жылғы 1 қаңтардан бастап орнатылған:
Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 692 теңге;
Ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) - 43 407 теңге;
Ең төменгі зейнетақы - 57 853 теңге;
Базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері - 28 215 теңге.
Жасы және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап алынатын мөлшерден 9 % - ға артады.
Жасына байланысты жаңадан тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 55 айлық есептік көрсеткішіні (203 060 теңге) құрайды.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына, сондай - ақ оның ең төменгі мөлшерінің 65% - ға дейін (60% орнына), ең жоғары мөлшерінің-105%-ға дейін (100% орнына) ұлғаюына байланысты арттырылатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, ең төменгі базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65 пайызы немесе 28 215 теңге мөлшерінде азаматтарға зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан кем немесе он жыл болмаған жағдайда төленетін болады. Он жылдан астам зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінің әрбір толық жылы үшін базалық зейнетақы 2 пайызға артады, бірақ ең төменгі күнкөріс деңгейінің 105 пайызынан аспайды. Ең жоғары базалық зейнетақыны зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 30 жыл немесе одан да көп азаматтар алатын болады.
Бұл 2024 жылғы 1 қаңтарға жаңа тағайындалған зейнеткерлерге және зейнетке шыққандарғада қатысты.
Базалық зейнетақыны ескере отырып зейнетақы төлемдерінің ең төменгі мөлшері 86 068 теңгені құрайды (2023ж. - 77 417 тг.), орташа мөлшері – 130 414 теңге (2023ж.- 120 838 теңге).
Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының және бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасауды жүзеге асыратын адамға берілетін мемлекеттік жәрдемақының мөлшері КД мөлшерінің ұлғаюына байланысты 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арттырылады.
АЕК мөлшерінің ұлғаюына байланысты 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балалары бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері артып келеді:
баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы,
бір жарым жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы,
төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға, оның ішінде күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын балаларға (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы,
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған және I және II дәрежелі "Ана даңқы" орденімен наградталған көп балалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы.
Қостанай облысы бойынша зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді алушылар саны шамамен 195 мың адамды құрайды, оның ішінде зейнеткерлер саны 136 мыңнан асады.
2023 жылы облыс бойынша 245 млрд. теңгеден астам сомаға зейнетақы мен жәрдемақы төленді.