Мүгедектіктің себебіне қарамастан, бірінші топтағы мүгедектердің күтіміне байланысты жәрдемақыны енгізу және мүгедек балаларға жәрдемақыны ұлғайту туралы

Мүгедектіктің себебіне қарамастан, бірінші топтағы мүгедектердің күтіміне байланысты жәрдемақыны енгізу және мүгедек балаларға жәрдемақыны ұлғайту туралы

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға сәйкес, мүгедектіктің себебіне қарамастан, 1-топтағы мүгедек адамдарға күтім жасайтын азаматтарға жәрдемақы енгізу көзделген. Заңға ҚР Президенті 2021 жылғы 12 қазанда қол қойды.

Бүгінгі күні облыс бойынша бірінші топтағы 2 748 мүгедек. Заңды қабылдау нәтижесінде облыс бойынша күтім жөніндегі жәрдемақымен қосымша бөгде адамның күтіміне мұқтаж 2 мыңға жуық адам қамтылатын болады. Жәрдемақы мөлшері 1,4 ЕТК немесе 48 023 теңгені құрайды.

Сондай-ақ, бала денсаулығының бұзылу дәрежесін және оның қызметінің шектелуін ескере отырып, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделген. Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының ауырлық дәрежесіне қарай жәрдемақылар мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін жәрдемақының мөлшері бірдей және 1,4 ЕТК немесе 48 023 теңгені құрайды.

Облыс бойынша 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар 1 800 адам.

Енді 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37% - ға дейін ұлғайтылатын болады. (1 топтағы мүгедек бала 65860тг (+17837тг), 2 топтағы мүгедек бала-54541тг (+6518тг), 3 топтағы мүгедек бала өзгеріссіз, яғни 48 023 теңге.

Департаменттің медициналық-әлеуметтік сараптама мамандарымен 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға мүгедектік санатын түзету бойынша жұмыс жүргізілді, мүгедектік белгіленді: 1 топтағы мүгедек бала-316, 2 топтағы мүгедек бала - 837, 3 топтағы мүгедек бала-647. Бұл балаларға мүгедектіктің себебі "жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар" болып өзгертілді. Заң күшіне енгеннен кейін МОДҚ-да бекітілетін болады.

Сондай-ақ заңда мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедек балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта мүгедектігі бар балалар мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алады (таңдау бойынша бір ғана жәрдемақы).