Көп балалы аналарға жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау

Көп балалы аналарға жасына  байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау

Соңғы уақытта көп балалы аналарға жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау тәртібі туралы азаматтардан өтініш беру жағдайлары жиілеп кетті. Осыған байланысты мен мынаны түсіндіремін.

"Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Заңға сәйкес еңбек кітапшасы немесе онда тиісті жазбалар болмаған кездегі еңбек өтілі жұмыс туралы мәліметтерді растайтын құжаттардың негізінде не сот шешімінің негізінде белгіленеді.

Балаларды күту уақыты да 3 жасқа дейінгі, бірақ жалпы алғанда 12 жылдан аспайтын еңбек өтілінде ескерілетінін атап өткім келеді.

5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін тұрғылықты жері бойынша "Азаматтарға арналған үкімет "мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ филиалына мынадай құжаттар ұсынылады:

         - өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат;

         - банк шотының нөмірі туралы мәліметтер;

         - еңбек кітапшасы;

         - білім туралы құжат;

         - жұмыстағы үзілістерге қарамастан, 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап қатарынан кез келген 3 жыл ішіндегі орташа айлық табыс туралы ұйымның (кәсіпорынның) анықтамасы;

         - неке және (немесе) некені бұзу туралы куәлік не неке қию туралы актілік жазбадан үзінді көшірме (тегі өзгерген жағдайда);

         - балалардың туу туралы куәліктері (немесе азаматтық хал актілерін жазу органдары берген туу туралы актілік жазба немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама) және балаларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеу фактісін растайтын құжаттар.

Балаларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеу фактісін растайтын құжаттарға (олардың болуына қарай) мыналар жатады:

         1) балалардың жеке басын куәландыратын құжаттар;

       2) неке туралы куәлік (азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама) не некені бұзу туралы куәлік немесе неке қию туралы актілік жазбадан үзінді көшірме (тегі өзгерген жағдайда);

         3) балалардың оқу орнында оқуы туралы құжат;

    4) балалардың қайтыс болуы туралы куәлік (қайтыс болу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме немесе азаматтық хал актілерін жазу органы берген азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама);

        5) әскери билет;

        6) баланы (балаларды) тәрбиелеу, асырап алу фактісін анықтау туралы сот шешімі.