Мүгедектік мерзімі неге байланысты

Мүгедектік мерзімі неге байланысты

Мүгедектік мынадай мерзімдерге: он алты жасқа дейінгі адамдарға - 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға және он алты жасқа толғанға дейін; он алты жастан он сегіз жастағы адамдарға – 6 айға, 1 жылға, он сегіз жасқа толғанға дейін; он сегіз жастан асқан адамдарға – 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленеді.

Мүгедектік мерзімдері мен еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежелері куәландырылатын адамның оңалту болжамы мен оңалту әлеуетіне сәйкес белгіленеді.

Оңалту болжамы былайша бағаланады:

1) қолайлы – организмнің бұзылған функциялары мен тіршілік-тынысының шектелу санаттарын толық қалпына келтіру және (немесе) орнын толтыру, мүгедекті қоғамға етене араластыру мүмкіндігі;  

2) біршама қолайлы – олардың шектелу дәрежесі төмендеген немесе тұрақтанған жағдайда, кірігу және толық әлеуметтік қолдаудан ішінара әлеуметтік қолдауға өту қабілеті кеңейген жағдайда организмнің бұзылған функциялары мен тіршілік-тынысының шектелу санаттарын ішінара қалпына келтіру мүмкіндігі;

3) күмәнді – болжамның анық болмауы;

4) қолайсыз – организмнің бұзылған функцияларын және тіршілік-тынысы санаттарын қалпына келтіру немесе орнын толтыру мүмкіндігінің болмауы.

Оңалту әлеуеті былайша бағаланады:

1) жоғары – денсаулықтың, тіршілік-тынысындағы шектеулердің, еңбекке қабілеттігі мен әлеуметтік мәртебесінің толығымен қалпына келтірілуі (толық оңалту);

2) қанағаттанарлық – организм функцияларының шамалы білініп бұзылуы, тіршілік-тынысы санаттарын шектелген көлемде немесе техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар арқылы орындау мүмкіндігі, әлеуметтік қолдауға мұқтаждық;

3) төмен – организм функциялары бұзылушылығының айқын білінуі, тіршілік-тынысы санаттарының көпшілігін едәуір шектеулермен орындау, мүгедектің әлеуметтік қолдауға үнемі мұқтаж болуы;

4) оңалту әлеуетінің болмауы – организм функцияларының өте айқын бұзылуы, негізгі қызмет түрлерінің орнын толтыруға немесе өздігінен орындауға мүмкіндіктің болмауы, өзгелердің күтіміне мұқтаж болу.