Жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу критерийлері

Жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу критерийлері

ЖЕА дәрежесі өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына еңбек ету қабілетінен айырылуға (жоғалтуға) әкеп соқтырған оқиға (әлеуметтік қатер) туындағанда белгіленеді.

Тіршілік-тынысының шектелуіне әкеп соқтырған организм функцияларының тұрақты бұзылуын растайтын құжаттар болған кезде ЖЕА туындады деп есептеледі.

ЖЕА туындаған кезде өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына ЖЕА дәрежесі 30-дан 100 пайызды қоса алғанға дейін белгіленеді.

Өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына жіктемеде көзделген, еңбек ету қабілетінен айырылуға әкеп соқтырған организм функцияларының бұзылу дәрежесі бойынша ЖЕА мынадай жағдайларда белгіленеді:

1) еңбек ету қабілетінің шамалы білінетін шектелуіне әкеп соқтырған организм функцияларының тұрақты шамалы білінетін бұзылуы кезінде 30-дан 59 пайызды қоса алғанға дейін;

2) еңбек ету қабілетінің білінетін шектелуіне әкеп соқтырған организм функцияларының тұрақты білінетін бұзылуы кезінде 60-тан 79 пайызды қоса алғанға дейін;

3) еңбек ету қабілетінің айқын білінетін шектелуіне немесе еңбек ету қабілетінен айырылуға әкеп соқтырған организм функцияларының айтарлықтай немесе айқын білінетін тұрақты бұзылуы кезінде 80-нен 100 пайызды қоса алғанға дейін белгіленеді.

Жоғалтылған еңбек ету қабілетіне пайыздық қатынаста көрсетілген адамның жұмысты орындау, қызмет көрсету қабілетінің төмендеу деңгейін сипаттайтын ЖЕА дәрежесі мынадай мерзімдерге: 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында көзделген жасқа толғанға дейін белгіленеді. Мүгедекке ЖЕА дәрежесі кезекті қайта куәландыру мерзімімен белгіленген жағдайда ЖЕА дәрежесі мүгедектік мерзімі аяқталғанға дейін белгіленеді.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында көзделген жасқа толғанға дейінгі ЖЕА дәрежесі:

 1) Қалпына келмейтін анатомиялық кемістіктер тізбесіне сәйкес;

2) организм функцияларының тұрақты, қалпына келмейтін өзгерістері мен бұзылулары болған, толық көлемде жүргізілген оңалту іс-шаралары тиімсіз, ЖЕА дәрежесі тұрақты болған кезде және ЖЕА дәрежесі 80-нен 100 пайызды қоса алғанға дейінгі мүгедектерді кемінде төрт жыл, 60-тан 79 пайызды қоса алғанға дейін кемінде бес жыл, 30-дан 59 пайызды қоса алғанға дейін кемінде алты жыл динамикалық қадағалаған кезде белгіленеді.