Ұзынкөл ауданына жұмыс сапары барысында Департамент басшысы М.Т. Мұратбеков ағымдағы жылы халықтың қауқары аз топтары үшін бейімдеуге жататын нысандарды аралады. Ұзынкөл ауданында 2021 жылға халықтың жүріп - тұруы шектеулі топтары үшін 18 объект бейімделуге жатады. Тұтастай алғанда, қолжетімділік мониторингі, оны бақылау халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігіне құқықтарын қорғаудың, әлеуметтік инфрақұрылым ұйымдарының да, сол сияқты атқарушы билік органдарының да жұмыс нәтижелері үшін жауапкершілік деңгейін арттырудың, алынған міндеттемелер мен олардың орындалуы туралы халықты хабардар етудің негізгі құралдарының бірі болып табылады. Осы жұмыстардың жүзеге асырылуын бақылау Департаментке жүктелген.
Бұған дейін Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының 84,85-тармақтарын орындау аясында "Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!" ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдарға 2021 жылға арналған бейімдеу жоспарына енгізілген нысандарға түгендеу жүргізуді және әрбір объектіге түгендеу қорытындысы бойынша халықтың қауқары аз топтары үшін объектінің қолжетімділігін бағалау жөніндегі ведомствоаралық топтың қорытындысын жасауды тапсырды.
Осы жұмысты бақылау мақсатында Қазпошта бөлімшесі, №1 және №2 орта мектептер, кітапхана, аудандық мәдениет үйі сияқты нысандарға мониторинг жүргізілді. Нысандардың басшыларына нысандарды бейімдеу бойынша тиісті ұсыныстар берілді.