
«Мүгедектердi оңалтудың кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы № 26 бұйрығымен(2021 жылғы 3 наурыздағы өзгерістер мен толықтырулар ) оңалтудың жеке бағдарламасы реттелген.
Мүгедектер ортопедиялық аяқкиімнің мынадай түрлерімен: күрделі, шамалы күрделі, протездерге және ортопедиялық аппараттарға арналған аяқкиіммен қамтамасыз етіледі.
Күрделі ортопедиялық аяқкиім аяқ 3 см-ге және одан да жоғары қысқартылғанда, паралитикалық, варустық, эквиноварустық, вальгустық, жазық вальгустық және қуыс табандық, маймақ аяқтық, шораяқтық, табанның Шопар, Гритти, Лисфранк және Пирогов әдісі бойынша кесілген тұқылы кезінде жасалады.
Шамалы күрделі ортопедиялық аяқкиім аяқ 3 см-ге дейін қысқартылғанда, табан сүйектерінің басы үлкейгенде, ұзына бойы және көлденең жалпақ табандық, башайлар шүріппе және балға тәріздес болғанда, өкше сүйегіне темір орнатылғанда және табанның өзге де паталогиясы кезінде жасалады.
Күрделі ортопедиялық аяқкиім (етіктен басқа) алған күннен бастап кемінде бір жыл кию мерзімімен беріледі:
1) Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектеріне, сондай-ақ жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамдарға екі жұп (жазғы немесе қысқы);
2) бірінші және екінші топтағы мүгедектерге бір жұп көлемінде (жазғы немесе қысқы);
3) мүгедек балаларға – екі жұп (жазғы және қысқы) беріледі.
Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне жеңілдіктер бойынша оларға теңестірілген адамдарға екі қолы бірдей кесілгенде не екі қолының функциялары күрт төмендегенде не омыртқа жотасы зақымданғанда, сондай-ақ жамбас-сан буындарындағы анкилоздар кезінде бүйірлік резеңкелері бар аяқкиім беріледі.
Жалпы аурудан және бала жасынан болған үшінші топтағы мүгедектерге күрделі ортопедиялық аяқкиім (жазғы немесе қысқы) 50 пайыздық құн жеңілдігімен беріледі.
Ортопедиялық аяқкиім дайындау технологиясында көзделгендерден тыс қызметтер мен жұмыстарға (өрнекті тігіс, микросаңылаулы ұлтан, сыздықты әрлеу, үлбірлі жылылық не басқа да жақсартылған әрлеу), дайындау жеделдігіне Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен көрсетілетін қызметті алушылардың, сондай-ақ жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамдарды және мүгедек балаларды қоспағанда, тапсырыс берушілер ақы төлейді.
Протездерге арналған аяқкиіммен қамтамасыз ету
Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектеріне жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамдарға оларды алынған сәттен бастан кемінде 1 жыл кию мерзімімен протездерге арналған бір жұп аяқкиім беріледі.
Мүгедек балаларға оларды алынған сәттен бастап кемінде 1 жыл кию мерзімімен екі жұп (жазғы және қысқы мауыты) аяқкиім беріледі.
Бірінші және екінші топтағы мүгедектерге оларды алынған сәттен бастап кемінде 1 жыл кию мерзімімен протездерге арналған аяқкиімнің бір жұбы құнының 50 пайыздық жеңілдігімен беріледі.
Үшінші топтағы мүгедектерге мұндай аяқкиім олардың өз қаражаты есебінен дайындалады.
Жеңілдікпен не тегін протездеуге құқығы бар мүгедектер бір аяғы кесілген кезде белгіленген тәртіппен сау аяғына жартылай жұп аяқкиіммен қамтамасыз етіледі.
Көрсетілетін қызметті алушылар ортопедиялық немесе протездік бәтеңкелердің орнына, олардың қалауы бойынша, өз қаражаты есебінен етіктер дайындалады. Бұл жағдайда тапсырыс берушілерге бәтеңке жасауға көзделген сомада етіктің құнына жеңілдік беріледі.
Көрсетілетін қызмет алушының протездік-ортопедиялық аяқкиімді жөндеу олардың өз қаражаты есебінен кезектілік тәртібімен жүргізіледі.
Протездік-ортопедиялық көмек және техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар ОЖБ іс-шараларын іске асыру мерзіміне берілген өтінішке сәйкес ұсынылады.