
❖«2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 692 теңге, ең төменгі зейнетақы – 57 853 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) – 43 407 теңге, базалық зейнетақы төлемі – 28 215 теңге болып белгіленеді.
❖ Осыған байланысты, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбек сіңірген жылдары үшін және жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері алынатын мөлшерден 9%-ға арттырылады.
Бұдан басқа, жасына байланысты жаңадан тағайындалатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 55 АЕК-ні (203 060 теңге) құрайды.
❖ Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодексінің 205-бабына сәйкес ЕТКД-нің жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді. Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жыл және одан аз болғанда немесе болмағанда тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 65 пайызы (60 пайыздың орнына) мөлшерінде, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырылады, бірақ ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 105 пайызынан аспайтын мөлшерде беріледі. Яғни ең төменгі мөлшері ЕТКД-нің 65 пайызына (28 215 теңге), ал ең жоғарғы мөлшері ЕТКД-нің 105 пайызына (45 578 теңге) теңестіріледі (бұл жаңа тағайындалған зейнеткерлерге және 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарғада қатысты).
❖ Бұдан басқа, ЕТКД-нің шамасының өзгеруіне байланысты жәрдемақылар 7% - ға арттырылады:
- мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар;
- мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қорғаншларыға (қамқоршыларға) берілетін мемлекеттік жәрдемақы;
- бірінші топ мүгедектігі бар адамға күтімді жүзеге асыратын адамға мемлекеттік жәрдемақы.
❖ Айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің ұлғаюына байланысты балалы отбасыларға төленетін және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері ұқсас түрде 7% - ға арттырылады:
- № 1 және № 2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақылар;
- бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақылар;
- бала тууға байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы;
- арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;
- бірге тұраты төрт және одан да көп балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы.
- жерлеуге арналған біржолғы төлем;
- Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен және жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағайындалған, бірақ төленбеген біржолғы ақшалай өтемақылар.
❖Жоғарыда аталып өткен арттырулар Алматы облысы бойынша жалпы есеппен 465 мыңнан астам зейнетақы мен жәрдемақы алушыларға қатысты жүргізілетін болады (оның ішінде бүгінгі таңда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алып отырған 158 мың азамат, базалық зейнетақы 153 мың болса, қалған 154 мың азамат әлеуметтік төлем алушылар). Төлемдерді өсіру азаматтар тарапынан қайта есептеуге қосымша өтінішті талап етпей, жылдағыдай барлық төлемдерге қатысты автоматты режимде іске асырылады.