
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және төлеу шарттары Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII «Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен» (әрі қарай- Кодекс), 2023 жылғы 27 маусымдағы № 257 «Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін есептеу (айқындау), оны тағайындау, төлеу, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау қағидаларымен» белгіленген.
Кодекстің 234, 235 баптарына сәйкес, қайтыс болған асыраушының асырауында болған отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелерінің асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы (әрі карай -МӘЖ) алуға құқығы бар. Егер ҚР заңдарында және ҚР ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, ҚР -да тұрақты тұратын ҚР азаматтарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады. Академиялық демалыста болу кезеңін қоса алғанда, күндізгі оқу нысаны бойынша жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша оқитын он сегіз жастан асқан азаматтардың оқу орнын бітіргенге дейін, бірақ жиырма үш жастан асырмай МӘЖ алуға құқығы бар.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша МӘЖ -ға құқығы туындаған күннен бастап, бірақ барлық қажетті құжаттармен бірге жәрдемақы тағайындауға өтініш жасаған күнге дейін он екі айдан аспайтын уақытқа дейін тағайындалады.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша МӘЖ - ның үлесін бөлу оны бөлуге жүгінген күннен бастап жүргізіледі.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша МӘЖ - дың мөлшерлері асыраушының асырауында болған отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелерінің санына байланысты және жыл сайынғы қаржы жылына республикалық бюджетпен бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты есептелінеді.
Мүгедектік кезеңінде асыраушысынан айырылған бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері осы Кодекстің 236-бабына сәйкес белгіленген, қайтыс болған асыраушының отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелерінің санына сәйкес келетін асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша МӘЖ мөлшеріне ұлғайтылады.