Қолжетімді орта – қоғам дамуының маңызды көрсеткіші

Қолжетімді орта – қоғам дамуының маңызды көрсеткіші

Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және қолжетімді орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыт Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Әлеуметтік кодекспен және халықаралық міндеттемелермен реттеледі.

Қазақстан Республикасы 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының «Мүгедектердің құқықтары туралы» конвенциясын ратификациялап, мүгедектігі бар адамдардың көлікке, ақпаратқа, ғимараттарға және мемлекеттік қызметтерге тең дәрежеде қол жеткізуін қамтамасыз ету міндетін қабылдады.

Бүгінде облыс көлемінде «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» жол картасы аясында инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. 2023–2027 жылдары 1422 нысанды бейімдеу жоспарланған. Қазіргі таңда Inva.gov.kz интерактивті картасына 1400-ден астам нысан енгізілген.

Мониторинг барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда:

– пандустар талапқа сай емес;

– тактильді жолақтар орнатылмаған;

– арнайы автотұрақ орындары қарастырылмаған;

– санитарлық тораптар бейімделмеген.

Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Соған сәйкес мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділік декларацияларын келісу рәсімі енгізіледі.

Ендігі таңда объектілердің қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияларды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері қарайтын болады.

Бұл өзгерістің басты мақсаты – пайдалануға берілетін объектілердің қолжетімділік талаптарына нақты сәйкестігін қамтамасыз ету. Яғни, жаңа және реконструкцияланған нысандар мүгедектігі бар азаматтар үшін толық қолжетімді болуы тиіс.

Қолжетімді орта қалыптастыру – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады. Мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар және азаматтық қоғам өкілдері бірлесе отырып, кедергісіз әрі қолжетімді орта қалыптастыру жұмыстарын жалғастыра береді.