Қазақстан Республикасында күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақы алу құқығы 2023 жылғы 20 сәүірдегі №224-VII Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 187- бабымен көзделген.
- Күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ жәрдемақы алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген шетелдіктерге беріледі.
- Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға тікелей күтім жасайтын адамға онымен туыстық байланысына қарамастан күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақы тағайындалады.
- Отбасында бірінші топтағы мүгедектігі бар екі және одан да көп адам тұратын жағдайда күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақы олардың әрқайсысы үшін тағайындалады және төленеді.
Сотталған адам қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде бірінші топтағы мүгедектігі бар бір адамға ғана күтім жасай алады.
- Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға бірнеше адам күтім жасаған жағдайда күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақы осы адамдардың біреуіне тағайындалады және төленеді.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға тек қана бір сотталған адам күтім жасай алады.
- Бірінші топтағы мүгедектігі бар адам және күтім жасайтын адам бір елді мекенде тұруға тиіс.
Күтімді қажет ететін бірінші топтағы мүгедектігі бар сотталғандар және оларға күтім жасайтын сотталғандар қылмыстық-атқару жүйесінің бір мекемесінде ұсталуға тиіс.