ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген Алқа отырысы өтті

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген Алқа отырысы өтті

Астанада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген Алқа отырысы өтті. Қатысушылар 2025 жылғы мемлекеттік саясатты іске асыру қорытындыларын шығарып, әлеуметтік-еңбек саласын дамытудың 2026 жылға арналған негізгі векторларын айқындады. Басты назарда – сапалы жұмыс орындарын құру, адами капиталды дамыту және мемлекеттің әлеуметтік кепілдіктерін орындау.

Коллегия ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өтті. Жиынға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, Парламент депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бағынысты ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ әлеуметтік серіктестер қатысты.

Отырысты ашқан ведомство басшысы Асқарбек Ертаев бүгінгі таңда Министрлік жұмысының бас стратегиялық басымдығы халықты өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және азаматтардың экономикалық белсенділігін ынталандыру болып табылатынын атап өтті.

«Біз күш-жігерімізді нақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету, тұрақты жұмыс ондарын құру және азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыру бағытына жұмсауымыз қажет. Өткен жылдан бастап жұмысқа орналасу мониторингі тек міндетті зейнетақы жарналары туралы деректер негізінде жүзеге асырылуда. Бұл бізге формалды есепке алуды толығымен жоя отырып, нақты жұмыспен қамтылуды объективті бағалауға көшуге мүмкіндік берді», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

Бұл бағыттағы жұмыс Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында жүргізілуде. Құжаттың негізгі макроиндикаторы – 2029 жылға қарай сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 миллионға жеткізу. 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономикада осындай 2,9 млн жұмыс орнының жұмыс істеуі қамтамасыз етілді. 2026 жылы өңірлік карталар шеңберінде 547,7 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Ағымдағы жылдың маңызды қадамы ізденушілерге дербес бағдарды (маршруттарды) проактивті түрде таңдауға мүмкіндік беретін «ЖИ негізіндегі Цифрлық жұмыспен қамту қызметін» толық ауқымды іске қосу болмақ.

Жұмыспен қамту мәселелерімен қатар, мемлекет азаматтар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындайды.

«2025 жылы әлеуметтік төлемдерге 5,9 трлн теңге бағытталды, бұл республикалық бюджеттің барлық шығыстарының 23%-ын құрайды. Жыл сайынғы индекстеу аясында біздің 4,6 млн азаматымыз үшін зейнетақылар мен жәрдемақыларды арттыру қамтамасыз етілді, бұл олардың сатып алу қабілетін сенімді қорғауға мүмкіндік берді», – деді Министр.

2025 жылы ынтымақты зейнетақылар 8,5%-ға өсті, ал базалық зейнетақы 6,5%-ға индекстелді. 2026 жылы төлемдердің жоспарлы өсу саясаты жалғасады: базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 118%-ына дейін ұлғайтылды, зейнетақылар мен жәрдемақыларды жыл сайынғы индекстеу 10%-ды құрады, ал Министрліктің жоспарланған шығыстарының жалпы көлемі 6,9 трлн теңгеге дейін өсті.

Отырыс барысында ведомство жұмысының басқа да негізгі бағыттары бойынша жаңа тәсілдер белгіленді. Көші-қон саясаты саласында жоғары білікті шетелдік мамандарды тартуға басымдық бере отырып, цифрлық скоринг жүйесі енгізілуде. Инклюзия саласында сырттай мүгедектікті белгілеу процестерін толық цифрландыра отырып, әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшу жүзеге асырылуда.