Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алу құқығы және оны тағайындау шарттары Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII «Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен» (әрі қарай- Кодекс), 2023 жылғы 27 маусымдағы № 257 «Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін есептеу (айқындау), оны тағайындау, төлеу, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау қағидаларымен» белгіленген.
Кодекстің 234, 235 баптарына сәйкес, қайтыс болған асыраушының асырауында болған отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелерінің асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы(әрі карай -МӘЖ) алуға құқығы бар. Егер ҚР заңдарында және ҚР ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады. Академиялық демалыста болу кезеңін қоса алғанда, күндізгі оқу нысаны бойынша жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша оқитын он сегіз жастан асқан азаматтардың оқу орнын бітіргенге дейін, бірақ жиырма үш жастан асырмай МӘЖ алуға құқығы бар.
Ата-анасының екеуінен де айырылған балаларға (тұлдыр жетімдерге) тағайындалған МӘЖ - дер олардың заңды өкіліне төленеді. Бір мезгілде мүгедектігі бойынша және МӘЖ - ға құқығы бар адамдарға олардың таңдауы бойынша бір жәрдемақы тағайындалады.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы жәрдемақыға құқығы туындаған күннен бастап, бірақ барлық қажетті құжаттармен бірге жәрдемақы тағайындауға өтініш жасаған күнге дейін он екі айдан аспайтын уақытқа дейін тағайындалады.
Отбасы мүшесінің талап етуі бойынша оның асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы үлесі бөлінеді және оған жеке төленеді. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының үлесін бөлу оны бөлуге жүгінген күннен бастап жүргізіледі.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерлері асыраушының асырауында болған отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелерінің санына байланысты және жыл сайынғы қаржы жылына республикалық бюджетпен бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты есептелінеді.