
«Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау және қайта есептеу»
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны тағайындауды реттейтін негізгі нормативтік-құқықтық актілер – 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі және 2023 жылғы 27 маусымдағы №257 «Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау қағидалары». Сонымен қатар, жұмыс барысында Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексі және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі басшылыққа алынады.
Әлеуметтік кодекстің 234-бабына сәйкес, қайтыс болған асыраушысының асырауында болған еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелерінің асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар.
Ата-анасының екеуінен де айырылған балаларға (тұл жетімдерге) жәрдемақы заңды өкіліне төленеді.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы тағайындау құқығы туындаған күннен бастап тағайындалады, бірақ жәрдемақы тағайындауға өтініш берген күнге дейінгі он екі айдан аспайтын мерзім үшін төленеді. Яғни, жәрдемақы төлемдерін толық көлемде алу үшін асыраушы қайтыс болған күннен бастап бір жыл ішінде жәрдемақы тағайындауға жүгіну қажет.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар отбасының барлық мүшелеріне бір ортақ жәрдемақы тағайындалады. Отбасы мүшесінің талабы бойынша ол кәмелетке толған кезде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының тиісті үлесі бөлініп, оған жеке төленеді. Үлесті бөлу оны бөлу туралы өтініш берген күннен бастап жүзеге асырылады.
Он сегіз жастан асқан, күндізгі оқу нысанында білім алып жүрген балаларға, оның ішінде академиялық демалыста болған кезеңде, оқу орнын аяқтағанға дейін, бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алуға құқығы бар.
Бала кәмелет жасына толған кезде, Әлеуметтік кодекске сәйкес, жыл сайын оның күндізгі оқу нысанында білім алып жатқанын растайтын оқу орнынан анықтама ұсынылуы қажет.
Қазақстан Республикасының оқу орындары оқу туралы анықтамаларды белгіленген нысан бойынша береді. Ал шетелде білім алған жағдайда оқу туралы анықтаманы алу кезінде құжатта баланың жеке деректері дұрыс көрсетілуімен қатар, оқу нысанының (біздің жағдайда міндетті түрде күндізгі оқу нысаны болуы тиіс), курсының және оқу кезеңінің көрсетілуіне назар аудару қажет.
Кейбір мемлекеттерде оқу орнын аяқтау мерзімі анықтамада көрсетілмейді. Бұл жәрдемақы тағайындау мерзімін анықтауды қиындатады. Құжат міндетті түрде тіркеліп, оқу орнының басшысы қол қоюы тиіс.
Оқу туралы анықтама шет тілінде берілген жағдайда, құжат ресми түрде аударылуы және аудармашының қолы нотариуспен куәландырылуы қажет.
Мемлекет басшысының мемлекеттік процестерді одан әрі автоматтандыру және Қазақстанда цифрлық технологияларды қолдану аясын кеңейту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде оқу туралы электрондық анықтамаларға және жәрдемақыны автоматты түрде ұзартуға толық көшу жоспарлануда.
Яғни, білім беру ұйымдары оқушылардың білім алып жатқандығы туралы мәліметтерді ҰББД-ға (Ұлттық білім беру деректер базасына) енгізеді және жәрдемақыны ұзарту автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл ретте алушыға оқу орнынан оқу туралы анықтама алып, жәрдемақыны қайта есептеу туралы өтінішпен ХҚКО-ға жүгінудің қажеті болмайды.
Ең бастысы – білім беру ұйымы баланың оқуы туралы мәліметтерді уақтылы және дұрыс енгізуі қажет.
Сондай-ақ дайындық курстары, тіл үйрену курстары жалпы білім беру жүйесіне, яғни жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы жалпы білім беру немесе кәсіптік бағдарламаларға жатпайтынын атап өткен жөн.
Сондықтан курстарда білім алуды растайтын анықтамалар ұсынылған жағдайда, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы тағайындалмайды.
Сонымен қатар, алушы оқу орнынан шығарылған немесе сырттай оқу нысанына ауысқан жағдайда, жәрдемақы бойынша артық төлемнің қалыптасуына жол бермеу үшін бұл туралы жәрдемақы алатын жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының тиісті бөлімшесіне уақтылы хабарлауы қажет.
Н.Ж. Мамбаева
зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің
бас маманы
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы
реттеу және бақылау Комитетінің
Қарағанды облысы бойынша
департаменті