ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтары МӘСҚ-тан төлемдер түрінде 580 млн. теңгеден астам қаражат алды

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтары МӘСҚ-тан төлемдер түрінде 580 млн. теңгеден астам қаражат алды

2020 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа (бұдан әрі – ЕАЭО) мүше мемлекеттердің 2,3 мыңға жуық азаматы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) жалпы сомасы 588,3 млн теңгеге әлеуметтік төлемдер алды.

2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт шеңберінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілері мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қамсыздандыру (әлеуметтік сақтандыру) жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтарымен бірдей шарттарда және тәртіппен жүзеге асырылады.

Бұл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілері уақытша еңбекке жарамсыздық жағдайына және ана болуына байланысты әлеуметтік сақтандыруға, өндірістегі жазатайым оқиғалардан және кәсіптік аурулардан міндетті сақтандыруға, сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыруға жататынын білдіреді. Тиісінше, жұмыс берушілер жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес олар үшін сақтандыру жарналарын төлеуге міндетті.

Осылайша, жұмыс берушілер ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бейрезидент жеке тұлғаларымен жасалған еңбек шарттарының негізінде осы жұмыскерлердің еңбекақысын төлеу қорының 3,5% мөлшерінде әлеуметтік аударымдарды төлеуге тиіс.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілері Қазақстан Республикасының Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар ретінде қызметкердің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатының және (немесе) тұрақты тұруының болуына қарамастан, МӘСҚ-тан жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты төлемдер алуға өтініш жасауға құқылы.

2020 жылы МӘСҚ-тан көрсетілген әлеуметтік төлемді ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 266 азаматы жалпы сомасы 162,4 млн теңгеге алды, бұл 2019 жылғы 134 млн. теңгеге қарағанда 21%-ға артық, ал алушылар саны 13%-ға артты (2019 жылы – 235 адам).

Сонымен қатар, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар және әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын қандастар МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдерді алу құқығын Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең пайдаланады.

2020 жылы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден шыққан әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар МӘСҚ-тан мынадай әлеуметтік төлемдер алды:

- еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша – 244 адам, жалпы сомасы 72 млн теңге;

- асыраушысынан айырылу бойынша – 204 адам, жалпы сомасы 57,5 млн теңге;

- жұмысынан айырылу бойынша – 220 адам, жалпы сомасы 28,7 млн теңге;

- 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша – 1 352 адам, жалпы сомасы 267,7 млн теңге.

Естеріңізге сала кетейік, Еуразиялық экономикалық комиссия мен Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығы (бұдан әрі – ХЗӘҚҚ) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға 2018 жылғы 20 ақпанда қол қойылған болатын.

Меморандум шеңберінде әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде ЕАЭО және ХЗӘҚҚ-ға мүше мемлекеттердегі азаматтарды әлеуметтік сақтандыру тәртібі айқындалған.

МӘСҚ 2009 жылдан бастап ХЗӘҚҚ мүшесі болып табылады.