Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алу құқығы және оны тағайындау шарттары Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII «Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексімен», 2023 жылғы 27 маусымдағы № 257 «Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшерін есептеу (айқындау), оларды тағайындау, төлеу, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау қағидаларымен» бекітілген.
Әлеуметтік Кодекстің 234, 235 баптарына сәйкес, қайтыс болған асыраушының асырауында болған отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелерінің асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар. Егер Қазақстан Республикасы заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
Отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелері болып:
он сегіз жасқа толмаған және егер он сегіз жасқа толғанға дейін мүгедектігі бар адамдар болып танылса, осы жастан асқан балалары (оның ішінде асырап алған балалары, өгей балалары), аға-iнiлерi, апа-сіңлілері (қарындастары) және немерелері, бұл ретте, егер еңбекке қабілетті ата-аналары болмаса – аға-інілері, апа-сiңлiлерi (қарындастары) және немерелері, егер ата-аналарынан алимент алмаса – өгей балалары;
зейнеткерлік жасына жеткен – әкесі, шешесі (оның ішінде асырап алушылар), зайыбы, жұбайы;
егер қайтыс болған асыраушысының сегіз жасқа толмаған балаларын, інілерін, сіңлілерін (қарындастарын) немесе немерелерін күтумен айналысса және жұмыс істемейтін болса – жасы мен еңбекке қабілеттілігіне қарамастан ата-аналардың немесе жұбайлардың біреуі не атасы, әжесі, аға-iнiсi немесе апа-сiңлiсi (қарындасы);
зейнеткерлік жасқа жетсе және оларды асырауға міндетті адамдары болмаса және өмір сүру үшін басқа қаражат көздері жоқ болса, атасы мен әжесі есептеледі.
Академиялық демалыста болу кезеңін қоса алғанда, күндізгі оқу нысаны бойынша жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша оқитын он сегіз жастан асқан азаматтардың оқу орнын бітіргенге дейін, бірақ жиырма үш жастан асырмай асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алуға құқығы бар.
Ата-анасының екеуінен де айырылған балаларға (тұлдыр жетімдерге) тағайындалған асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар олардың заңды өкіліне төленеді.
Бір мезгілде мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға құқығы бар адамдарға олардың таңдауы бойынша бір жәрдемақы тағайындалады.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы жәрдемақыға құқығы туындаған күннен бастап, бірақ барлық қажетті құжаттармен бірге жәрдемақы тағайындауға өтініш жасаған күнге дейін он екі айдан аспайтын уақытқа тағайындалады.
Отбасы мүшесінің талап етуі бойынша оның асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы үлесі бөлінеді және оған жеке төленеді.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының үлесін бөлу оны бөлуге жүгінген күннен бастап жүргізіледі.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерлері асыраушысының асырауында болған отбасының еңбекке қабылетсіз мүшелерінің санына байланысты және жыл сайынғы қаржы жылына республикалық бюджетпен бекітілгген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты есептелінеді.
Талап етілетін құжат: Он сегіз бен жиырма үш жас аралығындағы асырауындағы адамдар күндізгі оқу бөлімінің оқушылары болып табылса, 2023 жылғы 27 маусымдағы № 257 Қағиданың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша оқу орнының анықтамасы жаңа оқу жылы сайын тапсырылады.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы аумағындағы көптеген оқу орындарынан анықтамалар электронды түрде беріледі. Басқа мамлекеттерде (шетелдерінде) күндізгі оқу бөлімінде оқитындар үшін, оқу орнынан берілген анықтама телнұсқа (мөрімен, қолымен н/е QR) және шет тілінде жасалған құжаттар аудармасы нотариалды дұрыс аударылғаны куәландырады.
Жәрдемақы алуға құқығы бар адамдар өтінішті:
1) Мемлекеттік корпорация;
2) портал;
3) проактивті қызмет арқылы (өтініш беру талап етілмейді) ұсынады.
Жәрдемақы алуға құқығы бар адамдар өтініш және сәйкестендіру үшін жеке басты куәландыратын құжатты ұсынады.
Құжаттарды мемлекеттік ақпараттық жүйелерден, оның ішінде құжаттардың цифрлық сервисінен алу мүмкіндігі болған кезде оларды ұсыну талап етілмейді.
Қандас мәртебесі бар адамдар жәрдемақы тағайындауға жүгінгенде сәйкестендіру үшін қандас куәлігі ұсынылады.
Іс-әрекетке қабілетсіз, іс-әрекетке қабілеті шектеулі немесе қамқоршылыққа немесе қорғаншылыққа мұқтаж адамдарға жәрдемақы тағайындау үшін өтінішті олардың заңды өкілдері береді.
Жәрдемақы тағайындау үшін өтінішті сенімхат арқылы үшінші тұлғалар тапсыра алады.