
Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға беріледі, оның ішінде он сегіз жасқа толғаннан кейін жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысанында білім алатын балалар оқуын аяқтағанға дейін, бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін есепке алынады.
Жәрдемақыны тағайындау кезінде отбасы құрамына туған, асырап алынған, сондай-ақ қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алынған балалар, сондай-ақ егер олар басқа ата-анасының отбасында есепке алынбаған болса, өгей балалар есепке алынады.
Бұл ретте ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтары шектелген балалар отбасы құрамында есепке алынбайды.
Балалардың өтініш берушімен бірге тұруы көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақыны тағайындауға арналған өтініште бірге тұратын балалар туралы мәліметтерді көрсету арқылы өтініш берушінің өзі растайды.
Ата-аналар арасындағы неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған жағдайда балалардың ата-анасының бірімен бірге тұруы сот шешімімен расталады.
Балалардың өтініш берушімен бірге тұруын растау үшін маман «электрондық үкімет» шлюзі арқылы өтініш берушінің және 14 жасқа толған балалардың «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер базасынан тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтерді алу үшін сұрау салуды қалыптастырады.
Жәрдемақы мөлшері отбасы құрамында:
- төрт бала болған кезде – 16,03 АЕК (69 330 теңге);
- бес бала болған кезде – 20,04 АЕК (86 673 теңге);
- алты бала болған кезде – 24,05 АЕК (104 017 теңге);
- жеті бала болған кезде – 28,06 АЕК (121 360 теңге);
- сегіз және одан да көп бала болған кезде – әр балаға 4 АЕК мөлшерінде.
Бала он сегіз жасқа толған кезде жәрдемақы төлеу тоқтатылады. Егер бала жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша оқыса жәрдемақы тоқтаған уақыттан немесе оқуға түскен күннен бастап қайта басталуы мүмкін, бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін ғана.
Жәрдемақы төлеуді қайта бастау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-тың бөлімшесіне (ХҚКО) жүгініп, Қағиданың 29-қосымшаға сәйкес оқу орнынан анықтама ұсыну және жәрдемақы төлеуді қайта бастау туралы өтініш беру қажет.
Бала дайындық курстарында оқитын жағдайда жәрдемақы төлеу ол жоғары білім беру ұйымына түскенге дейін тоқтатыла тұрады.
Оқу орнынан анықтама тиісті оқу жылына берілетінін атап өткен жөн. Оқу жылы аяқталғаннан кейін жәрдемақы төлеу тқтайды. Осыған байланысты баланы келесі оқу жылына ауыстырған кезде жәрдемақы төлеуді қайта бастау үшін оқу орнынан анықтаманы жыл сайын ұсыну қажет.
Азаматтарға қолайлылықты арттыру және мемлекеттік қызметтерді жедел алуды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (Еңбек министрлігі) мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін, оның ішінде цифрландыру арқылы тұрақты түрде жетілдіруде.
Қазіргі уақытта Еңбек министрлігі ақпараттық жүйелерін білім беру саласындағы уәкілетті органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау нәтижесінде көпбалалы отбасылардағы балалардың білім алуы туралы мәліметтерді автоматтандырылған түрде алу мүмкіндігі қамтамасыз етілді.
Білім беру ұйымдары балалардың білім алуы туралы тиісті мәліметтерді ақпараттық жүйелерге енгізген кезде, аталған деректер Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйелеріне автоматты түрде беріледі.
Алынған мәліметтер негізінде жәрдемақы алушылардың төлемін ұзарту үшін электрондық істердің макеттері автоматтандырылған режимде қалыптастырылады.
Осылайша, жәрдемақы алушыға ХҚКО-ға жеке барудың және оқу орнынан анықтама ұсынудың қажеті болмайды. Ақпараттық жүйелерде қажетті мәліметтер болған жағдайда, жәрдемақы төлемін ұзартуға келісімді SMS-хабарлама арқылы растау жеткілікті болады.
Бұл жәрдемақы төлемін ұзарту процесін жеңілдетуге, қағаз құжаттарды ұсыну қажеттілігін жоюға және жәрдемақыларды алуды азаматтар үшін жылдам әрі ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.