Кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін (КЕҚАД) белгілеу: негіздері, тәртібі және қайта куәландыру

Кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін (КЕҚАД) белгілеу: негіздері, тәртібі және қайта куәландыру

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы ретте және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша Департаментінің басшысы А.Аймағамбетов Facebook әлеуметтік желісі арқылы «Кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін (КЕҚАД) белгілеу: негіздері, тәртібі және қайта куәландыру» тікелей эфир өткізілді. 

КЕҚАД дегеніміз не?

Ең алдымен, кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дегеніміз – еңбек міндеттерін орындау кезінде алған денсаулыққа келтірілген зиян салдарынан адамның өзінің кәсібі бойынша еңбек қызметін орындау мүмкіндігінің төмендеуі екенін түсіну қажет.

КЕҚАД дәрежесін белгілеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерімен жүргізіледі.

КЕҚАД белгілеу үшін негіздер

Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге негіз болып денсаулық жағдайының бұзылуының мынадай жағдайлармен байланысты болуы табылады:

  • өндірістегі жазатайым оқиғамен;
  • кәсіптік аурумен.

Маңыздысы – тек аурудың болуы жеткіліксіз. Денсаулыққа келтірілген зиянның еңбек міндеттерін орындаумен байланысы құжат жүзінде расталуы қажет.

Кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілеу мәселесін қарау үшін негіздердің бірі – өндірістегі жазатайым оқиғаны растайтын құжаттардың, атап айтқанда өндірістегі жазатайым оқиға туралы Н-1 нысанындағы актінің, сондай-ақ кәсіптік ауруды растайтын құжаттардың болуы болып табылады.

Рәсім қалай жүргізіледі?

КЕҚАД дәрежесін белгілеу үшін азамат қажетті медициналық және өзге де құжаттар рәсімделгеннен кейін медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберіледі.

Куәландыру барысында мамандар:

  • медициналық құжаттарды;
  • тексеру нәтижелерін;
  • өндірістік жарақатты немесе кәсіптік ауруды растайтын құжаттарды;
  • ағза функцияларының бұзылу дәрежесін;
  • жарақат немесе ауру салдарының адамның кәсіптік қызметін орындау мүмкіндігіне әсерін зерттейді.

Зерттеу нәтижелері бойынша кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілеу немесе негіздер болмаған жағдайда белгілеуден бас тарту туралы шешім қабылданады.

Қайта куәландыру

КЕҚАД дәрежесі:

  • белгілі бір мерзімге;
  • заңнамада көзделген жағдайларда мерзімсіз белгіленуі мүмкін.

Егер еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі белгілі бір мерзімге белгіленсе, азамат мерзімі аяқталғаннан кейін қайта куәландырудан өтеді.

Сондай-ақ денсаулық жағдайы өзгерген жағдайда, медициналық негіздер болған кезде қайта куәландыру жүргізілуі мүмкін.

Жиі қойылатын сұрақтар

Егер денсаулық жағдайы жақсарса немесе нашарласа не істеу керек?

Медициналық негіздер болған жағдайда қайта куәландырудан өтуге болады.

Міндетті түрде жеке қатысу қажет пе?

Куәландыру қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Осы бағыт бойынша жеке қатысу міндетті болып табылады.