
Бүгінгі күні балалы отбасыларды мемлекеттік қолдау тек ауқымды болып қана қоймай, азаматтар үшін барынша қолжетімді әрі ыңғайлы бола түсуде.
Негізгі өзгеріс – енді азаматтарға құжаттарды өз бетінше жинап, Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) жүгініп, бірнеше жұмыс күні бойы шешім күтудің қажеттілігі барған сайын азайып келеді. Мемлекеттік ақпараттық жүйелер қажетті мәліметтердің басым бөлігіне ие болғандықтан, бірқатар төлемдер азаматтың келісімі алынғаннан кейін автоматты түрде тағайындалады.
Ағымдағы жылдың 23 шілдесінен бастап бала тууына байланысты берілетін жәрдемақыларды, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін жәрдемақыларды, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды тағайындау толықтай автоматтандырылды.
Егер қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерде бар болса, азаматқа SMS-хабарлама жіберіледі. Азамат келісімін растағаннан кейін деректер автоматты түрде тексеріліп, шешім бір жұмыс күні ішінде қабылданады.
Жаңа сервисті іске қосқаннан бері Астана қаласында толық автоматтандырылған форматта 981 төлем тағайындалды.
Бұл маңызды өзгеріс, өйткені отбасы үшін мемлекеттік қолдаудың көлемі ғана емес, оны қаншалықты тез әрі оңай алуға болатыны да аса маңызды.
Жалпы, балалы отбасыларды қолдау жүйесіне - мемлекеттік жәрдемақылар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер, көпбалалы отбасыларға, наградталған аналарға, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көрсетілетін қолдау, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек кіреді.
Бұл ретте мемлекеттік жәрдемақылар баланың дүниеге келуіне дейін ата-анасының жұмыс істегеніне немесе істемегеніне қарамастан тағайындалады.
Ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына төленеді және жоғалған табыстың бір бөлігін өтеуге бағытталған.
Бірінші, екінші немесе үшінші бала дүниеге келген кезде отбасына 164350 теңге мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді. Төртінші және одан кейінгі әрбір бала туған жағдайда төлем мөлшері 272 475 теңгені құрайды.
Жұмыс істемейтін ата-аналарға және бала күтімін жүзеге асыратын басқа да адамдарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады.
2026 жылы оның мөлшері:
* бірінші балаға – 24 912 теңге;
* екінші балаға – 29 454 теңге;
* үшінші балаға – 33 952 теңге;
* төртінші және одан кейінгі балаларға – 38 493 теңге.
Ағымдағы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Астана қаласында бұл жәрдемақыны 7 821 отбасы алады.
Жұмыс істейтін ата-аналарға, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындалады. Оның мөлшері соңғы екі жыл ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды. Астана қаласында бұл төлемді 28 716 отбасы алады.
Көпбалалы отбасыларды қолдау – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.
Кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы бірге тұратын отбасылар көпбалалы отбасы болып саналады.
Сонымен қатар, күндізгі бөлімде білім алып жүрген 18 жастан асқан балалар оқу орнын аяқтағанға дейін, бірақ 23 жасқа толғанға дейін отбасы құрамында есепке алынады.
Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы олардың табысына қарамастан тағайындалады. Оның мөлшері балалар санына байланысты:
* төрт баласы бар отбасына – 69 330 теңге;
* бес баласы бар отбасына – 86 673 теңге;
* алты баласы бар отбасына – 104 017 теңге;
* жеті баласы бар отбасына – 121 360 теңге.
Сегіз және одан да көп баласы бар отбасыларға әр бала үшін 17 300 теңгеден төленеді.
Жәрдемақының өтініш берілген күннен бастап тағайындалатынын ескеру маңызды. Сондықтан отбасы төлем алу құқығы туындағаннан кейін өтініш беруді кейінге қалдырмағаны жөн. 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Астана қаласында көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыны 38 мыңға жуық отбасы алады.
Марапатталған көпбалалы аналарға да жеке мемлекеттік жәрдемақылар қарастырылған.
«Күміс алқа» алқасымен марапатталған аналарға ай сайын 27680 теңге төленеді. Ал «Алтын алқа» алқасымен марапатталған, сондай-ақ «Батыр ана» атағын алған немесе І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналарға ай сайын 32 005 теңге төленеді. Астана қаласында бұл жәрдемақыны 8 526 марапатталған ана алады.
Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, асырап алушыларға, қорғаншыларға және басқа да заңды өкілдерге ай сайын мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған. 2026 жылы оның мөлшері 81 871 теңгені құрайды. 1 тамыздағы жағдай бойынша Астана қаласында бұл төлемді 12 786 адам алады.
Балалы отбасыларды қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – атаулы әлеуметтік көмек.
Оны жан басына шаққандағы орташа табысы өңірде белгіленген кедейлік шегінен төмен отбасылар алады. Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында Астана қаласында кедейлік шегі 48942 теңгені құрайды.
Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері әр отбасы үшін жеке есептеледі және кедейлік шегі мен отбасы мүшесінің жан басына шаққандағы орташа табысының айырмасы ретінде айқындалады.
Есептеу кезінде жалақы, әлеуметтік төлемдер, кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс және заңнамада көзделген өзге де кірістер ескеріледі. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасыларға қосымша бір жастан алты жасқа дейінгі әрбір балаға 6 487 теңгеден төленеді.
Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері барлық отбасы үшін бірдей емес екенін түсіну маңызды. Ол отбасы құрамына, жиынтық табысына және нақты өмірлік жағдайына байланысты айқындалады.
Біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі – жәрдемақыларды тағайындау мен ұзарту тәртібін одан әрі жеңілдету.
Бұрын көпбалалы отбасының кәмелетке толған балалары күндізгі бөлімде оқуын жалғастырған жағдайда, ата-аналар жыл сайын оқу орнынан анықтама алып, оны ХҚКО-ға тапсыруға міндетті болатын.
Қазіргі таңда ақпараттық жүйелердің Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің деректер базаларымен интеграциялануының арқасында оқу туралы мәліметтер автоматты түрде түседі.
Енді отбасыларға қағаз түріндегі анықтаманы ұсынудың қажеті жоқ. Тек SMS-хабарлама арқылы келісімін растау жеткілікті.
Сонымен қатар, жәрдемақыларды тағайындау кезінде проактивті формат кеңінен қолданылады.
2026 жылдың басынан бері Астана қаласында бала тууына және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты 15 648 жәрдемақы тағайындалды, оның ішінде 12523-і, яғни 80 пайызы, проактивті форматта рәсімделген.
Осы кезеңде көпбалалы отбасыларға 1930 жәрдемақы тағайындалып, оның 1005-і проактивті түрде рәсімделді.
Марапатталған көпбалалы аналарға 324 жәрдемақы тағайындалса, оның 274-і, яғни 85%, дәстүрлі өтініш берусіз рәсімделген.
Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған адамдарға 1073 жәрдемақы тағайындалып, оның 369-ы, немесе 34% проактивті форматта көрсетілді.
Осылайша, әлеуметтік қызметтерді цифрландыру азаматтар үшін нақты нәтиже беруде.
Отбасылар құжат жинауға аз уақыт жұмсайды, мемлекеттік органдарға сирек жүгінеді және өздеріне тиесілі төлемдерді әлдеқайда жылдам алады. Мемлекеттік деректер базаларында бар мәліметтер азаматтан қайта сұратылмауы тиіс.
Біздің басты міндетіміз – мемлекеттік қолдау алуға құқығы бар әрбір отбасының оны уақытылы, ашық әрі артық әкімшілік рәсімдерсіз алуын қамтамасыз ету.
Мемлекеттік қызмет отбасының қажеттіліктеріне бағытталуы тиіс. Біз әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды тағайындау жүйесін дәл осы қағидат негізінде одан әрі жетілдіре береміз.