«Мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау және құқықтық мемлекет» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

«Мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау және құқықтық мемлекет» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы А.А. Аймагамбетов Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының алаңында өткен «Мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау және құқықтық  мемлекет» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты.

Іс-шара барысында Департамен басшысы мүгедектікті белгілеу жүйесін жетілдіру, арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі және көмекші институтыын дамыту түсіндірме беріп, жиынға қатысқан азаматтардың сұрақтарына жауап берді.

Сөз сөйлеуде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің келесі бағыттар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы түсінік берілді.

Мүгедектікті белгілеу жүйесін жетілдіру туралы

Мемлекеттік қолдау шараларының көпшілігін алудың бірінші кезеңі мүгедектікті белгілеу болып табылады. Азаматтарды медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу кезінде медициналық ұйымдардың құжаттарды дайындау сапасы ерекше маңызға ие.

Медициналық құжаттардың толық пакеті, қажетті тексерулердің нәтижелері және денсаулық жағдайын объективті бағалау медициналық-әлеуметтік сараптама мамандарына белгіленген мерзімде негізделген шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Құжаттар толық немесе уақтылы ресімделмеген жағдайда азаматтарды қосымша тексеру немесе қайта жүгіну қажеттілігі туындайды, бұл мемлекеттік қызметті алу мерзімін ұзартады және қажетті әлеуметтік қолдау шараларын алуды кейінге қалдырады.

Осыған байланысты, медициналық ұйымдар медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдамаларды дайындаудың жоғары сапасын және олардың уақтылы жіберілуін қамтамасыз етуі қажет.

Арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау

Келесі маңызды бағыт-арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер мүгедектігі бар адамдарды, қарт азаматтарды және әлеуметтік қолдауға мұқтаж басқа да адамдарды қоса алғанда, өмірлік қиын жағдайдағы азаматтарға көрсетіледі.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызметі міндетті мемлекеттік лицензия негізінде жүзеге асырылады.

Лицензиялаудың негізгі мақсаты-көрсетілетін қызметті алушылардың бірыңғай сапа стандарттарын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұйымдардың кәсіби деңгейін арттыру және осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейту.

2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Астана қаласында 18 ұйым, оның ішінде 7 мемлекеттік мекеме және 7,1 мыңнан астам көрсетілетін қызметті алушыны қамти отырып, әртүрлі үлгідегі 34 бөлімшеде қызмет көрсететін 11 үкіметтік емес ұйым лицензия алды.

Ағымдағы жылдың басынан бері 3 мыңға жуық адам қамтылған үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер ең сұранысқа ие болып қала береді.

Қызмет алушылар мен олардың заңды өкілдері арнайы әлеуметтік қызметтерді тек қолданыстағы лицензиясы бар ұйымдарда алу керек екенін есте ұстаған жөн.

Лицензияланбаған ұйымдарда қызмет алу белгілі бір тәуекелдермен байланысты.

Мұндай жағдайларда мемлекеттік сапа және қауіпсіздік стандарттарын, мамандардың біліктілігін сақтауға, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтарын тиімді қорғауға кепілдік жоқ.

Яғни, лицензиясы жоқ ұйымдардың арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуі заңнама талаптарына сәйкес келмейтінін және қызмет алушылардың құқықтарын бұзу, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне тиісті бақылаудың болмауы, сондай-ақ мемлекеттік стандарттарды сақтамау тәуекелдерін тудыратынын білу маңызды.

Дөңгелек үстел барысында мүгедектігі бар балалардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсететін ұйымдардың, оның ішінде түзету, оңалту және өзге де орталықтардың басшыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы, мүгедектігі бар адамдарды арнайы қызметтер көрсетуге лицензия алмай қабылдауға және оларға әлеуметтік қызметтер көрсетуге жол бермеу туралы жеткізілді.

Сондай-ақ, арнаулы әлеуметтік қызмет алушыларды тиісті лицензиясы жоқ ұйымдарға олардың қызметі заңнама талаптарына сәйкес келтірілгенге дейін жібермеуге және орналастыруға жол бермеуге кеңес беруіңізді сұраймыз.

Жеке көмекші институтын жетілдіру туралы

Тағы бір маңызды бағыт-жеке көмекші институтын жетілдіру.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдар үшін жеке көмекшінің қызметтерін ұсыну қағидаларына өзгерістер енгізді.

Басты жаңалық мүгедектігі бар адам, қызмет көрсетуші және жеке көмекші арасындағы үшжақты шартты енгізу болды.

Азаматтық-құқықтық қатынастар шеңберінде жеке көмекшінің қызметтеріне ақы төлеу мүгедектігі бар адамды алып жүру жөніндегі қызметтердің нақты көрсетілген көлеміне сүйене отырып, ұзақтығы 4 сағаттан аспайтын бір қызмет үшін айлық есептік көрсеткіштің 54,56% мөлшерінде есептелетін болады, бұл ретте қызметтердің жалпы саны айына 60 қызметтен аспауға тиіс.

Төлемді Жергілікті атқарушы органдар мемлекет кепілдік берген сома шегінде әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырады.

Төлемді Жергілікті атқарушы органдар мемлекет кепілдік берген сома шегінде әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырады.

Орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісі ақы төлеу үшін негіз болып табылады.

Қызмет көрсетуші жеке көмекшінің қызмет көрсету процесін дербес ұйымдастырады және қызмет алушының қарамағында болмайды.

Қызмет көрсетуші жеке көмекшінің қызмет көрсету процесін дербес ұйымдастырады және қызмет алушының қарамағында болмайды.

Сүйемелдеу уақытын, кезеңділігін және тәртібін Тараптар өзара келісім бойынша айқындайды.

Көрсетілетін қызметтерді алушы көрсетілген көмектің сапасын бағалауға, негізделген ескертулер болған кезде орындалған жұмыстар актісіне қол қоюдан бас тартуға, сондай-ақ өнім берушінің іс-әрекетіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.

Бұл ретте, шарттың талаптарын бұза отырып не абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасында көзделген жеке көмекшінің қызметтерін ұсыну туралы ұсыным болмаған кезде көрсетілген қызметтер ақы төлеуге жатпайды.

Қазіргі уақытта Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау Басқармасы жаңадан тартылатын және жұмыс істеп тұрған жеке көмекшілермен шарттар жасасуда. Бұл жұмысты ағымдағы жылдың 1 тамызына дейін аяқтау жоспарлануда.

Қорытындылай келе, дөңгелек үстелге қатысушыларға ЖАО және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізіліп жатқан жұмыстар, әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру және мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету туралы жеткізілді.

Сондай-ақ, процестерді цифрландырудағы, медициналықәлеуметтік сараптаманың сапасын арттырудағы, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялаудағы инновациялар, сондай-ақ жеке көмекшінің қызметтерін ұсынудың жаңа тетіктерін енгізу басты мақсатқа-мүгедектігі бар әрбір адамға уақтылы, сапалы, қауіпсіз және қолжетімді мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі заманғы ақпараттық жүйелердің арқасында мемлекет мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктері туралы өзекті мәліметтерге ие, бұл көрсетілетін қолдау шараларының атаулылығын қамтамасыз етуге, әлеуметтік қызметтер көлемін тиімді жоспарлауға және көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.