
Мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету.
Мүгедектікті белгілеу рәсімі үлкен әлеуметтік маңызға ие, өйткені қабылданатын шешімнің объективтілігі азаматтардың әлеуметтік қолдау шараларын, оңалтуды, оңалтудың техникалық құралдарын, әлеуметтік төлемдерді және заңнамада көзделген өзге де мемлекеттік кепілдіктерді алу құқығын іске асыруына тікелей әсер етеді.
Осыған байланысты мемлекет медициналық-әлеуметтік сараптама қызметінің заңдылығын, ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі.
Мүгедектікті белгілеудің басты қағидаты – шешімдерді тек медициналық көрсеткіштерге, тексеру нәтижелеріне және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қабылдау. Әрбір азамат өзінің денсаулық жағдайы жан-жақты, әділ әрі қандай да бір субъективті ықпалсыз бағаланатынына сенімді болуы тиіс.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін ұйымдастырушылық, құқықтық, цифрлық және профилактикалық шаралар кешені іске асырылуда.
Бірінші бағыт – нормативтік құқықтық базаны жетілдіру.
Мүгедектікті белгілеу рәсімі Қазақстан Республикасының заңнамасымен және ағза функцияларының тұрақты бұзылуын бағалаудың бірыңғай өлшемшарттарымен реттеледі. Бұл азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан барлығына бірдей тәсілдерді қолдануға және шешімдерді еркін қабылдау мүмкіндігін болдырмауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасында медициналық-әлеуметтік сараптама қызметін реттейтін нормативтік құқықтық база:
Осылайша, Қазақстан Республикасында медициналық-әлеуметтік сараптама қызметі Әлеуметтік кодекс, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнама, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық нормативтік құқықтық актілері негізінде жүзеге асырылады. Бұл медициналық-әлеуметтік сараптаманы жүргізудің бірыңғай, ашық әрі заңнамамен реттелген тәртібін қамтамасыз етеді.
Екінші бағыт – мемлекеттік қызметтерді цифрландыру.
Соңғы жылдары ақпараттық жүйелерді пайдалану айтарлықтай кеңейді. Электрондық құжат айналымын енгізу, мемлекеттік ақпараттық базаларды ықпалдастыру және ведомствоаралық деректер алмасу қағаз құжаттардың санын азайтып, материалдарды қарау мерзімін қысқартуға және мемлекеттік қызмет көрсетудің әр кезеңінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Цифрлық технологиялар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді, адам факторының ықпалын азайтады және белгіленген рәсімдердің сақталуына автоматтандырылған бақылау жүргізуге мүмкіндік береді.
Үшінші бағыт – медициналық-әлеуметтік сараптаманың объективтілігін қамтамасыз ету.
Материалдарды қарау барысында мамандар тек медициналық құжаттарды, клиникалық деректерді және ағза функцияларының бұзылуын бағалаудың белгіленген өлшемшарттарын басшылыққа алады. Шешімдер алқалы түрде қабылданады, бұл әрбір жағдайды жан-жақты қарауға және субъективті шешімдердің ықтималдығын азайтуға ықпал етеді.
Төртінші бағыт – ішкі және сыртқы бақылау.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету мақсатында медициналық-әлеуметтік сараптаманың аумақтық бөлімшелерінің қызметіне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Қабылданған шешімдердің өзгертілуі немесе күшінің жойылу себептері талданады, азаматтардың өтініштері зерделенеді, заңнаманың сақталуына тексерулер, қызметтік тергеп-тексерулер және ішкі аудит жүргізіледі.
Негіздер болған жағдайда материалдар заңнамаға сәйкес шаралар қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданады.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетімен бірлесіп, мүгедектікті белгілеу мен әлеуметтік қолдау шараларын тағайындаудың негізділігіне жүйелі мониторинг жүргізуде.
Медициналық құжаттаманы талдау нәтижесінде азаматтарды медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу кезінде құжаттарды қолдан жасау белгілері бар жағдайлар анықталды. Бүгінгі таңда республика бойынша осындай 167 жағдай анықталған.
Анықталған барлық фактілер бойынша бақылау куәландырулары жүргізілуде, материалдар құқық қорғау органдарына жолданды, заңсыз тағайындалған әлеуметтік төлемдер тоқтатылып, бюджетке заңсыз алынған қаражатты қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Астана қаласында мұндай заң бұзушылық фактілері анықталған жоқ. Жағдай Департаменттің тұрақты бақылауында.
Бесінші бағыт – құқық бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу.
Қызметкерлер арасында профилактикалық жұмыстарға ерекше назар аударылады. Заңнаманы сақтау, кәсіби әдеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мүдделер қақтығысының алдын алу мәселелері бойынша тұрақты түрде семинарлар өткізіледі.
Сонымен қатар халық арасында медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту тәртібі, қажетті құжаттар тізбесі, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері және қабылданған шешімдерге шағымдану тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Алтыншы бағыт – мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру.
Медициналық-әлеуметтік сараптама мамандарының біліктілігін арттыруға, денсаулық жағдайын бағалау әдістемелерін жетілдіруге, оңалтудың заманауи тәсілдерін енгізуге және денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдары мен басқа да мемлекеттік органдар арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге ерекше көңіл бөлінеді.
Ашықтықты қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі – мемлекеттік органдардың ашықтығы. Ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізіліп, халықпен кездесулер ұйымдастырылады, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде түсіндірме материалдары жарияланады. Бұл азаматтардың мемлекеттік жүйеге деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Ашықтықты қамтамасыз ету азаматтардың белсенді қатысуынсыз мүмкін емес екенін атап өткен жөн. Қабылданған шешімдердің заңдылығына күмән туындаған жағдайда азаматтар шағым беруге, заңнамада көзделген тәртіппен шешімдерге дау айтуға немесе ықтимал заң бұзушылықтар туралы құзыретті мемлекеттік органдарға хабарлауға құқылы.
Қазіргі уақытта медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Негізгі басымдықтар ретінде процестерді одан әрі цифрландыру, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, әкімшілік кедергілерді азайту, заңдылық, объективтілік және ашықтық қағидаттарын нығайту айқындалған.
Мүгедектікті белгілеу кезінде ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету – мемлекеттің, медицина қоғамдастығының және тұтастай қоғамның ортақ міндеті. Тек заңнаманы қатаң сақтау, заманауи цифрлық технологияларды пайдалану, сапаны тұрақты бақылау және мамандардың жоғары кәсібилігі ғана азаматтардың құқықтарын қорғауға және әділ шешім қабылдауға кепіл бола алады.