Қолжетімділікке сәйкестік декларациясын растау функциясын беру туралы

Қолжетімділікке сәйкестік декларациясын растау функциясын беру туралы

2026 жылғы 1 шілдеден бастап ҚР Құрылыс кодексіне сәйкес инклюзивті инфрақұрылымды құруға қойылатын талаптар объектінің бүкіл өмірлік циклін — жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі кезеңді қамтиды.

Осы өзгерістерге сәйкес әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділік талаптарына сәйкестігін растау функциясы жергілікті атқарушы органдардан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беріледі.

Аталған функцияны Астана қаласында жүзеге асыру Астана қаласының Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментіне жүктелетін болады.

Қазіргі уақытта бірқатар объектілер мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін толық бейімделмеген немесе тек кресло-арбаны пайдаланатын адамдарға ғана бейімделген. Ал қолжетімді орта талаптары есту және көру қабілеті бұзылған адамдарды қоса алғанда, барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдар үшін толық қамтамасыз етілуі тиіс.

Іс жүзінде бұл құжат объектінің қауіпсіз пайдалануға дайын екенін және белгіленген талаптарға, соның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік талаптарына сәйкес келетінін растайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі барлық азаматтар үшін, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар, жүріп-тұруы шектеулі азаматтар, қарттар және балалы ата-аналар үшін қолайлы кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше назар аударады.

Тексеру барысында пандустардың, санитариялық тораптардың, кіреберіс топтарының, лифтілердің, тактильді бағыттағыштардың, қозғалыс жолдарының және қолжетімді ортаның басқа да элементтерінің болуы мен талаптарға сәйкестігі қаралады.