
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінің 135-бабының нормасы күшіне енеді, оған сәйкес инклюзивті инфрақұрылымды құруға қойылатын талаптар объектінің бүкіл циклін - жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі кезеңді қамтиды.
Аталған өзгерістерге сәйкес, мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің қолжетімділік талаптарына сәйкестігін растау функциясы жергілікті атқарушы органдардан Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беріледі.
Бұл функцияны іске асыру Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне жүктеледі. Астана қаласында аталған функцияны біздің - Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті (бұдан әрі – Департамент) жүзеге асыратын болады.
Сонымен қатар, жергілікті жерлерде объектілер мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттарына бейімделмеген немесе тек кресло-арбаларды пайдаланатын адамдарға ғана бейімделген, ал есту және көру қабілеті бұзылған адамдарды қоса алғанда, толық бейімделу қажет.
Объектілерге қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша тексерулер жүргізу кезіндегі негізгі бұзушылықтар:
- пандустың болмауы немесе дұрыс орнатылмауы;
- пандустың бойлық еңісіне сәйкес келмеуі;
- ішкі пандустардың болмауы;
- сыртқы баспалдақтар мен пандустарда тұтқалардың болмауы (оның ішінде бір жағында және бөлгіш тұтқалар);
- кіреберіс алаңының, кіреберіс және ішкі есіктердің енінің сәйкес келмеуі (90 см);
- есік табалдырығының (1,4 см) және баспалдақтың (12 см) биіктігінің сәйкес келмеуі;
- көру қабілеті бұзылған адамдар үшін мнемосхема мен ақпараттық көрсеткіштердің болмауы;
-санитарлық-тұрмыстық үй-жайларда шұғыл түйменің болмауы;
- тактильді ақпарат құралдарының, белгілер мен символдардың болмауы;
- лифттерде дабыл сигналдары мен хабарлағыштардың болмауы және т. б.
Халықтан келіп түскен сұрақтарға Департамент басшысы тікелей эфирде толыққанды жауаптар берді.