Техникалық оңалту құралдарының құнын өтеуге кепілдік берілген соманы айқындаудың жаңа тәсілдері

Техникалық оңалту құралдарының құнын өтеуге кепілдік берілген соманы айқындаудың жаңа тәсілдері

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы ретте және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша Департаментінің басшысы А.Аймагамбетов Facebook әлеуметтік желісі арқылы «Техникалық оңалту құралдарының құнын өтеуге кепілдік берілген соманы айқындаудың жаңа тәсілдері» тікелей эфир өткізілді.  

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылы бекітілген 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру аясында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін тұрақты түрде реформалауды жүргізуде. Жүргізіліп жатқан өзгерістердің негізгі мақсаты – әрбір адамның нақты қажеттіліктерін ескере отырып, оңалтудың сапасын, қолжетімділігін және тиімділігін арттыру.

Қазіргі уақытта Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы оңалтудың техникалық құралдарымен (ОТҚ) қамтамасыз ету тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілуде.

Реформаның негізгі бағыттарының бірі – ОТҚ құнын қалыптастыру процесін толық цифрландыру және адами факторды болдырмау.

Кепілдендірілген сома бірнеше дереккөз негізінде комиссиялық тәртіппен айқындалады: Әлеуметтік қызметтер порталының деректері, мемлекеттік сатып алулар және жеткізушілердің коммерциялық ұсыныстары. Енді есептеу Әлеуметтік қызметтер порталы мен электрондық сауда алаңдарының деректері негізінде автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл ОТҚ құнын қалыптастырудың ашықтығын, объективтілігін және бірыңғай тәсілін қамтамасыз етеді.

Жаңа механизм бағадағы елеулі теңгерімсіздіктерді жоюға мүмкіндік береді. Мысалы, электрондық дүкендегі құны 200 мың теңгеден асатын мүгедектер арбасы бұған дейін Әлеуметтік қызметтер порталында орта есеппен 500 мың теңге көлемінде бағаланған. Бүгінде жүйе негізсіз артық төлемдерсіз әділ нарықтық құнға бағдарланады.

Бұл ретте мемлекет адамдарға үнемдемейтінін ерекше атап өткен жөн. Әңгіме негізсіз шығындарды жою және бюджет қаражатын неғұрлым ұтымды пайдалану туралы болып отыр. Босатылған ресурстар оңалту жүйесін дамытуға, қалпына келтірудің тиімділігі мен жылдамдығын арттыратын заманауи жоғары технологиялық әрі қымбат құралдарды енгізуге бағытталады.

Қосымша хабарлаймыз, жаңа тәсілдерді іске асыру Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қатысуымен жүзеге асырылады. Орталық базасында ОТҚ-мен қамтамасыз ету жүйесін жетілдірудің заманауи механизмдері енгізілуде.

Осындай бағыттардың бірі – Ақтөбе, Павлодар және Қарағанды облыстарында апробациядан өтетін ОТҚ-ның қайтарымды механизмін іске қосу.

Бұл механизмнің тек ерікті сипатта болатынын және азаматтар үшін қосымша мүмкіндік ретінде қарастырылатынын атап өту маңызды.

Қайтару тек қауіпсіз түрде қайта пайдалануға болатын ОТҚ түрлеріне ғана қолданылады. Протездер, жөргектер және өзге де осыған ұқсас жеке пайдалануға арналған құралдар қайтаруға жатпайды.

Барлық қайтарылған құралдар міндетті техникалық сараптамадан, санитариялық өңдеуден және қажет болған жағдайда жөндеуден өтеді. Бағалау қорытындысы бойынша құралды одан әрі пайдалану немесе есептен шығару туралы шешім қабылданады.

Мысалы, пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралын қайтарады. Сараптама жүргізілгеннен кейін ақаулар анықталған жағдайда құрал жөндеуге жіберіледі. Егер ОТҚ одан әрі пайдалануға жарамды болса, ол жаңа құралды күту кезеңінде басқа адамға уақытша берілуі мүмкін. Ал пайдалану үшін жарамсыз деп танылған жағдайда, құрал есептен шығарылады және адамға Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жаңа ОТҚ тағайындалады.

Тағы бір мысал – техникалық құралдың оны ауыстыру мерзімі жеткенге дейін бұзылуы. Мұндай жағдайда адам әлеуметтік-техникалық сараптама қызметіне жүгінеді, онда диагностика жүргізіліп, қажет болған жағдайда жөндеу жасалады. Егер құрал одан әрі пайдалануға жарамсыз деп танылса, адамға жаңа құрал рәсімделгенге дейін қордан уақытша жарамды ОТҚ беріледі.

Осылайша, жаңа механизм оңалтудың техникалық құралдарын үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мүгедектігі бар адам өз құралы жөнделіп жатқан немесе жаңа құрал жеткізілгенге дейін ұзақ рәсімдерден өтпей-ақ ОТҚ-ны уақытша пайдалануға ала алады.

Сонымен қатар, Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы филиалдарының базасында әлеуметтік-техникалық сараптама қызметі енгізілуде.

Қызметтің негізгі міндеті – шешімдерді тек формалды пайдалану мерзімдеріне сүйеніп қана емес, техникалық құралдың нақты жай-күйі мен адамның жеке қажеттіліктерін ескере отырып қабылдау. Бұл қабылданатын шешімдердің негізділігін арттыруға, ОТҚ пайдаланушыларын техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге және жөндеу мүмкін болған жағдайда жабдықтың пайдалану мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, оңалтудың техникалық құралдарын жеке іріктеу және дұрыс пайдалану мәселелері бойынша консультациялық қолдау көрсетіледі.

Осылайша, жүргізіліп жатқан реформалар:

— субъективті тәсілді болдырмауға;

— ашық әрі әділ баға қалыптастыруды қамтамасыз етуге;

— оңалтудың техникалық құралдарының сапасын арттыруға;

— күту мерзімдерін қысқартуға және қызметтердің қолжетімділігін арттыруға;

— сүйемелдеу мен сараптаманың заманауи механизмдерін енгізуге;

— бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне бақылауды күшейтуге бағытталған заманауи әрі әділ ОТҚ қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Жүргізіліп жатқан өзгерістердің негізгі мәні – үнемдеу емес, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру, әрбір адамның нақты қажеттіліктеріне бағдарланған қолжетімді, тиімді және үздіксіз оңалту жүйесін қамтамасыз ету.

Жүргізіліп жатқан өзгерістердің негізгі мәні – үнемдеу емес, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру, әрбір адамның нақты қажеттіліктеріне бағдарланған қолжетімді, тиімді және үздіксіз оңалту жүйесін қамтамасыз ету.