
2026 жылғы 20 мамырда Астана қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы А.А. Аймағамбетов Астана қаласы Коммуникациялар қызметінің Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында «Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын сақтау: қолжетімді кедергісіз ортаны жақсарту» тақырыбында тікелей эфир форматында онлайн баспасөз конференциясын өткізді.
Баспасөз конференциясы барысында Департаменттің Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға бағытталған негізгі қызмет бағыттары айтылды.
Мемлекеттік бақылау келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1.мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын сақтау;
2.мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді кедергісіз орта қалыптастыру;
3.жергілікті атқарушы органдардың арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуі.
2026 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша Департаментпен Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексі талаптарының сақталуына 17 тексеру жүргізілгені атап өтілді, оның ішінде:
– 1 профилактикалық бақылау;
– 8 жоспардан тыс тексеру;
– 8 прокуратура органдарымен бірлескен тексеру.
Жүргізілген тексерулер барысында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы заңнама талаптарының 47 бұзушылығы анықталды, оның ішінде:
– 43 бұзушылық мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілеріне қолжетімділікті қамтамасыз етпеуге қатысты;
– 4 бұзушылық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында анықталды.
Тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 6 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 2 млн теңгеден астам көлемде 6 әкімшілік айыппұл салынды.
Сонымен қатар, есепті кезеңде анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаларды мәжбүрлеп орындату мақсатында Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 6 талап-арыз жолданды.
Сондай-ақ баспасөз конференциясы барысында «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында 2026 жылға арналған әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің 80%-ын бейімдеу жоспарланғаны атап өтілді. Аталған объектілер «INVA.gov.kz» порталының қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген.
Бүгінгі таңда Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен «INVA.gov.kz» порталына 2143 әлеуметтік инфрақұрылым объектісі енгізіліп, оның 1435-і немесе 67%-ы бейімделген.
Объектілерді бейімдеу жұмыстары жалғасуда. 2026 жылдың соңына дейін әлеуметтік маңызы бар объектілердің 80%-ын, яғни 2143 объектінің 1714-ін қолжетімді ету жоспарлануда.
Сонымен қатар, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары мен мүгедектігі бар адамдар үшін объектілердің қолжетімділік талаптарына сәйкестігін растау функциясын беру мәселесіне ерекше назар аударылды.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің 135-бабының нормасы күшіне енетіні атап өтілді.
Енгізілген өзгерістерге сәйкес әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік талаптарына сәйкестігін растау функциясы жергілікті атқарушы органдардан Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беріледі.
Аталған функцияны іске асыру Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне жүктелетін болады.
https://www.facebook.com/events/1304916601110020/?_rdc=1&_rdr#