Қазақстанда оңалту құралдарын берудің жаңа тәсілі енгізіледі

Қазақстанда оңалту құралдарын берудің жаңа тәсілі енгізіледі

Қазақстанда мүгедектігі бар жандарға арналған оңалтудың техникалық құралдарын (ОТҚ) беру тәсілі өзгереді. Енді бұл жүйе бұрынғыдан да икемді әрі қолжетімді болмақ.

Жаңа пилоттық жоба Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында іске қосылады.

Қазіргі таңда оңалту құралдары адамдарға қайтарымсыз негізде беріледі және тек белгіленген мерзім аяқталған кезде ғана ауыстырылады. Бірақ олардың нақты жағдайы — қаншалықты тозғаны немесе әлі де қолдануға жарамды екені — ескерілмейді. Сонымен қатар, пайдалану кезінде жөндеу мүмкіндігі де қарастырылмаған.

Жаңа тәсіл осы мәселелерді шешуге бағытталып отыр.

Енді кейбір құралдар, мысалы мү гедектігі бар жандарға арбасы немесе жүріп-тұруға көмектесетін құрылғылар, уақытша тегін пайдалануға беріледі. Қажет болған жағдайда оларды қайтарып, басқа адамға беруге болады.

Тағы бір маңызды өзгеріс – арнайы сарапшылар тобы құрылады. Олар әр құралдың жағдайын тексеріп, оны әрі қарай қолдануға бола ма, жөндеу керек пе немесе жаңасына ауыстыру қажет пе – соны анықтайды.

Егер құрал жарамсыз болса, ол мерзіміне қарамастан жаңасына ауыстырылады. Ал жөндеуге келетіндері қайта пайдаланылып, басқа адамдарға уақытша берілуі мүмкін. Бұл әсіресе жаңа құрал күтіп жүргендер үшін маңызды.

Айта кету керек, жеке дайындалатын құралдар (мысалы, протездер) бұл жобаға кірмейді.

Жалпы, жоба 40-тан астам түрлі оңалту құралын қамтиды.

Бұл бастама:

– құралдарды алуды жеңілдетуге;

– күту уақытын қысқартуға;

– көмекті үздіксіз көрсетуге;

– ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Пилоттық жоба нәтижелері бойынша жаңа тетікті еліміздің барлық өңірінде енгізу мүмкіндігі қарастырылады.