Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдар үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы әлеуметтік төлемді енгізу туралы

Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдар үшін  2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы әлеуметтік төлемді енгізу туралы

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін берілген тапсырмасын іске асыру мақсатында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы әлеуметтік төлем енгізу көзделген.

Алматы қаласы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау Комитетінің Департаменті Алматы қаласы бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен, "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ Алматы қаласы бойынша филиалымен, "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ Алматы қаласы бойынша филиалымен және "Мемлекеттік аннуитеттік компания" ӨСК АҚ Алматы қаласы бойынша филиалымен бірлесіп "Алтыналмас" АҚ ұжымымен зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдар үшін арнайы әлеуметтік төлем енгізу туралы түсіндіру бойынша кездесу өткізілді.

 

Заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға олар үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (бұдан әрі - МКЗЖ) 7 жылдан (84 айдан) кем емес төлеу және зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстардағы жұмыскердің еңбек қызметін тоқтатуы немесе зиянды өндірістік әсері болдырмайтын басқа жұмысқа ауысуы  шартымен 55 жасқа толғаннан кейін арнаулы әлеуметтік төлем енгізу жөніндегі нормаларды енгізу қарастырылған.

Мәселен, еңбек жағдайлары зиянды кәсіпорыннан адамдар жұмыстан босаған кезінде (яғни, осы нормалар енгізілген күннен бастап 1.01.2024 ж. кейін жұмыстан шығу немесе зиянды емес жұмысқа ауыстыру кезінде) арнаулы әлеуметтік төлемдерді тағайындау мынадай бөліктерден тұратын болады:

1) республикалық бюджет қаражаты есебінен арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі (бұдан әрі - ТКД) мөлшерінде;

2) жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ТКД мөлшерінде кәсіптік төлем;

3) зейнетақыға дейінгі аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша 1 ТКД мөлшерінде сақтандыру төлемі;

4) әр төлем алушыға жеке айқындалатын мөлшерде БЖЗҚ-дан МКЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемі.

Бұл ретте, егер еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда жұмыс істемейтін адамдар 55 жасқа толғаннан кейін және олар үшін МКЗЖ кемінде 84 ай төленген жағдайда (яғни бұрыңғы жұмыс орнынан), екі компоненттен - 2 ТКД мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыға және БЖЗҚ-дан МКЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлеміне құқығы болады.

Арнайы әлеуметтік төлем өтініш берілген күннен бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін тағайындалады.

Айта кету керек, жәрдемақы алушының пайдасына МКЗЖ аудару туралы мәліметтер түскен кезде төлем тоқтатылады.