Әлеуметтік жәрдемақы алуы құқығы кеңейтілді

Әлеуметтік жәрдемақы алуы құқығы кеңейтілді

 «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 12 қазандағы ҚР Заңы аясында қолданыстағы заңнамаларға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Осы өзгерістерге сәйкес мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік  жәрдемақыларды қатар алу құқығы енгізілді. Бұл асыраушысынан айрылған және құрамында мүгедек балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Бұрын қолданыста болған заңнама нормасына сәйкес ата-анасының біреуі немесе екеуі (яғни асыраушысы) қайтыс болған жағдайда, бала мүгедектігі бойынша жәрдемақының немесе асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақынының біреуін ғана ала алатын еді. Жаңа норманың енгізілуіне байланысты 2 мыңнан астам бала мүгедектігіне берілетін жәрдемақымен        (2022 жылғы мөлшері 50 426-дан 69 155 теңгеге дейін) қатар асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша төленетін жәрдемақыны (2022 жылғы мөлшері 12 667-тен 30 976 теңгеге дейін) да алу құқығына ие болды.