Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау басты назарда

Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау басты назарда

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды орындау шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларды, еңбек ардагерлерін және өзге де санаттарды қоса алғанда, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау тұрғысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңымен  (бұдан әрі – Заң) қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Айталық 1-топ мүгедектеріне күтімді жүзеге асыратын адамдарға мүгедектік себебіне қарамастан тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Бұған дейін күтімге берілетін жәрдемақы бала жастан 1-топ мүгедегі болып танылғандар үшін ғана тағайындалып келді. Талдау көрсеткендей, бұрын 1-топтағы әрбір үшінші мүгедек күтімге берілетін жәрдемақыдан да, жеке көмекшінің қызметтерінен де тыс қалған еді. Заңды қабылдау нәтижесінде республика бойынша бөгде адамның тұрақты қамқорлығына мұқтаж қосымша 24 мың адам күтімге берілетін жәрдемақымен қамтамасыз етіледі.

Заңды іске асыру үшін азаматтардың аталған жәрдемақыны тағайындауға жүгіну тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің «Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 3 маусымдағы № 445 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

1-топтағы мүгедекке күтім жасайтын адамдар осы жәрдемақыны тағайындау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелеріне өтініш бере отырып, оған мынадай құжаттарды қоса тапсырады:

- жеке басын куәландыратын құжат (жеке куәлік, қандас куәлігі, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің тұруға ықтиярхаты не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат);

- 1-топтағы мүгедекке қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленгенін растайтын құжат (ондай дерек болған жағдайда);

- күтім жүзеге асырылатын адамның мүгедектігі туралы анықтама;

- сәйкестендіру үшін - жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйымдағы банк шотының нөмірі туралы мәліметтерді растайтын құжат;

- психикалық денсаулық орталығында есепте тұру дерегінің жоқтығы туралы анықтама.

Бұдан басқа, күтімді жүзеге асырушы ретінде айқындалған адамның әрекет қабілеттілігі туралы мәліметтер жеке басын куәландыратын құжат бойынша ҚР Әділет министрлігінің «Жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқоры» ақпараттық жүйесінде тексеріледі.