Қырғызстандық әріптестер іссапармен келді

Қырғызстандық әріптестер іссапармен келді

2021 жылғы 9 қыркүйекте Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жанындағы Әлеуметтік қор өкілдері Алматы қаласына іссапармен келді. Делегацияның мақсаты зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындау саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету процесімен танысу болды және Қазақстанның әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ақпараттық автоматтандырылған бағдарламасы аясында қырғыз елінде де осындай жүйе енгізуді көздейді.

Ең алдымен делегация құрамы мемлекеттік қызметтерді көрсетудің алғашқы сатысымен танысу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы қалалық филиалының халыққа қызмет көрсету орталығына барды. Онда Қырғыз елінің өкілдері өтінішті қабылдау, өңдеу және оны әрі қарай әлеуметтік қамсыздандыру бөлімшелеріне жолдау барысын көрді. Екінші кезеңде Бостандық аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімшесінде болып, қабылданған өтініштер мен құжаттар бойынша электрондық іс макеттерін қалыптастыру барысына куә болды.

Түстен кейін Қырғыз елінің өкілдері Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментіне келді. Департамент мамандары қарастыруға келіп түсетін электрондық іс макеттерімен жұмыс істеу процесін түсіндіріп, зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындау істері бойынша презентация жасады.

Сондай-ақ медициналық әлеуметтік сараптама бөлімдерінің қызметкерлері мүгедектікті белгілеу тәртібімен таныстырды.