Маусым айының басынан бері Алматы қаласында Әлеуметтік қызметтер үйі жұмыс істеп жатыр. Бұл жерде қала тұрғындарына 700-ден астам мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Халыққа бір орталықтан мемлекеттік қызмет көрсетуге 11 ұйым тартылған. Оның ішінде Әлеуметтік әл-ауқат, тұрғын үй саясаты басқармалары, көші-қон қызметі, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдар бар. Солардың қатарындағы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті де өзі ұсынатын 16 мемлекеттік қызмет бойынша тұрғындардың арыз-шағымдарын тыңдап, консультация береді. Бұл жерде мемлекеттік қызметтерден басқа халыққа тегін заңгерлік консультация мен психологтың көмегі де қарастырылған.
Әлеуметтік қызметтер үйі барлық азаматтың, оның ішінде мүгедек жандардың әлеуметтік салаға қатысты туындайтын сұрақтарына тиісті жауапты, шынайы ақпаратты, мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді бір жерден алуына өте ыңғайлы әрі қолжетімді болып отыр.
Мекенжайы: Достық даңғылы, 85.