Балалы отбасыларды қолдау

Балалы отбасыларды қолдау

Бүгінгі күні Қазақстанда балалы отбасыларды қолдаудың кешенді моделі құрылған, оған мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі шаралар және салық салу кезіндегі жеңілдіктер және азаматтар өмірінің барлық кезеңдерінде әлеуметтік қорғаудың басқа да шаралары жүйесі кіреді.

Отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі әртүрлі өмірлік жағдайларды көздейді және оған жүктілігі және босануы бойынша (орташа айлық жалақының 40% – ға жуығы) әлеуметтік төлем, бала тууына (бірінші, екінші, үшінші бала тууына – 110 846 теңге, төртінші және одан да көп бала тууына-183 771 теңге), бір жасқа толғанға дейінгі бала күтімі бойынша (16 802 теңгеден 25 962 теңгеге дейін), мүгедек баланы бағумен айналысатын ата-аналар үшін (48 023 теңге) отбасының табысы ескерусіз төленеді.

Бұдан басқа, бір жасқа толғанға дейін бала күтімімен айналысатын әйелдерге орташа айлық табыстың 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау көзделген.

Атаулы әлеуметтік көмекті арттыру және көп балалы отбасыларды қолдау мақсатында 2020 жылы отбасындағы балалар санына байланысты сараланған мөлшерде табысы ескерусіз тағайындалатын жәрдемақының жаңа түрі енгізілді (4 баласы бар отбасылар үшін 16,03 АЕК – 46 760 теңге, 5 баласы бар отбасылар үшін 20,04 АЕК – 58 457 теңге, 6 баласы бар отбасылар үшін 24,05 АЕК – 70 154 теңге, 7 баласы бар отбасылар үшін 28,06 АЕК – 81 852 теңге, 8 және одан да көп бала болғанда,әр балаға 4 АЕК).

Бұдан басқа, табысы төмен отбасыларға (отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% - ынан төмен) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсынылады (мектеп жасындағы балалар үшін - оқу орны бойынша тегін тамақтану, қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру, мектеп формасымен және керек - жарақтармен қамтамасыз ету, мектеп жасына дейінгі балалар үшін-балаларға арналған азық-түлік жиынтықтарымен және тұрмыстық химия тауарларымен қамтамасыз ету).

Сондай-ақ, отбасы мұқтаж болған жағдайда жергілікті атқарушы органдар есебінен тұрғын үй және қосымша әлеуметтік көмек көрсету көзделген.

Көп балалы аналардың мәртебесі мен беделін арттыру мақсатында "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналарға табысына қарамастан төленетін Арнайы мемлекеттік жәрдемақы алдын ала қарастырылған (жәрдемақы мөлшері қазіргі уақытта 17 780 теңгені (6,4 АЕК) құрайды).

"Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі № 94-I Заңымен халықтың әлеуметтік осал топтарын (оның ішінде көп балалы отбасылар мен көп балалы аналар) тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша нормалар көзделген. "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналардың, көп балалы отбасылардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжай алуға бірінші кезекте құқығы бар.

"Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көп балалы аналар сонымен қатар, бірқатар салықтар мен мемлекеттік баждарды төлеуден босатылған:

- көлік құралдарына салынатын салық (бір автокөлік құралына);

- тұрғын үй қоры, оның ішінде соның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар орналасқан жер учаскелері бойынша салық;

- үй маңындағы жер учаскелері бойынша салық;

-жеке тұлғалардың мүлік салығы (АЕК 1000 еселенген мөлшері шегінде);

- нотариаттық іс-әрекеттер жасау кезіндегі мемлекеттік баж салығы;

- зияткерлік меншік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган заң жүзінде маңызы бар іс-әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылады.

Сонымен бірге, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – заң) 11-бабының 3-тармағына сәйкес 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.

Сонымен қатар, заңнамада әйелдер үшін еңбек өтілін есептеу бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтіліне мына уақыттар есептеледі:

- жұмыс істемейтін ананың жас балаларды бығып-күткен уақыты, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегіндегі уақыт;

- басқа адамның көмегіне мұқтаж бірінші топтағы мүгедекке, екінші топтағы жалғызілікті мүгедекке және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ сексен жасқа толған қарт адамдарға күтім жасаған уақыт;

- 16 жасқа дейінгі мүгедек баланы бағып-күткен уақыт.

Жалпы алғанда, отбасылық саясаттың ұлттық моделі отбасылық құндылықтарды насихаттауға, отбасы институтын нығайтуға, үлкендерді құрметтеуге, жауапкершілікке, патриотизмге тәрбиелеуге негізделген.

Ата-аналардың міндеттері Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабында көзделген, оған сәйкес балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы, әрі міндеті болып табылады. Өз кезегінде мемлекет балалы отбасылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін қажетті жағдайлар жасайды.

Осылайша, елде қалыптасқан экономикалық жағдай кезінде мемлекет балалы отбасыларды әлеуметтік қорғауды тиісті деңгейде көрсетеді. Бұл ретте, балалы отбасыларды қолдаудың қолданыстағы жүйесін одан әрі жетілдіру елдің экономикалық мүмкіндіктері ескеріле отырып жүзеге асырылатын болады.