
Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) жүйесін жетілдіру және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда.
Осы бағыттағы заманауи тетіктердің бірі – сырттай-проактивті куәландыру. Бұл азаматтың жеке қатысуынсыз, денсаулық сақтау ұйымдарының ақпараттық жүйелері арқылы электрондық форматта ұсынылатын медициналық құжаттар негізінде МӘС жүргізуге мүмкіндік береді.
Тиісті негіздер болған жағдайда медициналық ұйым қажетті құжаттарды ақпараттық жүйелер арқылы МӘС бөлімшесіне жібереді. МӘС мамандары ұсынылған медициналық мәліметтерді зерделеп, ағза функцияларының бұзылу дәрежесін және тіршілік-тынысының шектелуін бағалай отырып, қолданыстағы критерийлерге сәйкес сараптамалық шешім қабылдайды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету
Сырттай-проактивті куәландыру кезінде құжаттар иесіздендірілген түрде жіберіледі.
Сонымен қатар шешімдерді экстерриториялық МӘС сарапшылары қабылдайды. Яғни азаматтың тұрғылықты жері бойынша жұмыс істейтін МӘС сарапшылары сол өңір тұрғындарының куәландырылуына қатыспайды.
Бұл тәсіл сараптамалық процестің ашықтығы мен объективтілігін арттыруға бағытталған және барлық өңірлерде енгізілген.
Қандай жағдайларда жүргізіледі?
Сырттай-проактивті куәландыру барлық аурулар бойынша жүргізілмейді. Ол медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларында белгіленген нозологиялық нысандар тізбесіне енгізілген аурулар кезінде қолданылады.
Олардың қатарында:
Нозологиялық нысандар мен АХЖ-10 кодтарының толық тізбесі медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына 15-қосымшада белгіленген.
Алматы қаласындағы көрсеткіш
Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Алматы қаласында сырттай-проактивті куәландырудың үлесі 48,7%-ды құрады.
Яғни МӘС бойынша куәландырулардың іс жүзінде жартысы азаматтың жеке қатысуынсыз жүргізіледі.
Маңызды!
Сырттай-проактивті куәландыру мүгедектікті автоматты түрде белгілеуді білдірмейді.
Шешім медициналық құжаттарды зерделеу, азаматтың денсаулық жағдайын, ағза функцияларының бұзылу дәрежесін және тіршілік-тынысының шектелуін бағалау негізінде, белгіленген критерийлерге сәйкес қабылданады.
Медициналық мәліметтер жеткіліксіз болған жағдайда, ауру белгіленген тізбеге сәйкес келмесе немесе заңнамада көзделген өзге де жағдайлар болса, азаматты бетпе-бет куәландыру қажет болуы мүмкін.
Сырттай-проактивті куәландырудың басты мақсаты – азаматтар үшін МӘС қызметтерін неғұрлым қолжетімді, ыңғайлы және уақтылы ету, сондай-ақ сараптамалық шешімдердің объективтілігі мен сапасын қамтамасыз ету.