
Қазақстан Республикасында көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға материалдық қолдау көрсетуге, балаларды тәрбиелеу мен олардың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жәрдемақылар мен әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған.
Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ жәрдемақы алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген шетел азаматтарына тағайындалады.
Жәрдемақыны тағайындау кезінде отбасы құрамына туған, асырап алынған, сондай-ақ қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алынған балалар есепке алынады. Сонымен қатар, егер өгей балалар басқа ата-анасының отбасында есепке алынбаған болса, олар да отбасы құрамында ескеріледі.
Бұл ретте ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтары шектелген балалар отбасы құрамына енгізілмейді. Сондай-ақ мемлекеттің толық қамтамасыз етуіндегі балаларға көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы тағайындалмайды.
Балалардың өтініш берушімен бірге тұруы жәрдемақы тағайындауға арналған өтініште бірге тұратын балаларды көрсету арқылы өтініш берушінің өзі тарапынан расталады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 16-бабына сәйкес, он төрт жасқа толмаған балалардың тұрғылықты жері олардың заңды өкілдерінің тұрғылықты жері болып танылады.
Ерлі-зайыптылар арасында неке бұзылған жағдайда, балалардың ата-анасының біреуімен бірге тұруы сот шешімімен расталады.
Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы отбасының табысына қарамастан тағайындалады. Аталған жәрдемақы төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасыларға, сондай-ақ 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу нысанында білім алатын студент балалары бар отбасыларға белгіленген тәртіппен беріледі.
Көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері отбасындағы бала санына байланысты белгіленеді.
2026 жылы жәрдемақы мөлшері төмендегідей:
4 баласы бар отбасыларға — 16,03 АЕК, яғни 69 330 теңге;
5 баласы бар отбасыларға — 20,04 АЕК, яғни 86 673 теңге;
6 баласы бар отбасыларға — 24,05 АЕК, яғни 104 017 теңге;
7 баласы бар отбасыларға — 28,06 АЕК, яғни 121 360 теңге;
8 және одан да көп баласы бар отбасыларға — белгіленген мөлшерге әрбір келесі бала үшін 17 300 теңге (4 АЕК) мөлшерінде қосымша үстеме қосылады.
Осылайша, отбасындағы бала саны артқан сайын мемлекеттік жәрдемақының мөлшері де ұлғаяды.
Қосымша мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктер
Көпбалалы отбасыларды қолдау тек ай сайынғы жәрдемақымен шектелмейді. Қазақстан Республикасында бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы және көпбалалы аналарға арналған арнайы мемлекеттік төлемдер де қарастырылған.
Бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы
Бала туған кезде отбасыға біржолғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. 2026 жылы оның мөлшері:
1, 2, 3-балаға балаға — 164 350 теңге (38 АЕК);
4-ші және одан кейінгі балаларға — 272 475 теңге (63 АЕК).
Бұл төлем бала туғаннан кейін отбасының бастапқы шығындарын өтеуге және баланы күтіп-бағуға қажетті материалдық қолдау көрсетуге бағытталған.
Көпбалалы аналарға берілетін өмірлік қолдау
Мемлекет көпбалалы аналарды да әлеуметтік тұрғыдан қолдайды. Мемлекеттік наградалармен марапатталған аналарға ай сайынғы арнайы төлемдер көзделген.
Атап айтқанда:
«Күміс алқа» иегерлеріне ай сайын 27 680 теңге (6,4 АЕК) төленеді;
«Алтын алқа» иегерлеріне, сондай-ақ «Батыр ана» атағы бар аналарға ай сайын 32 005 теңге (7,4 АЕК) төленеді.
Аталған төлемдер көпбалалы аналардың еңбегін мемлекеттік деңгейде мойындаудың және оларды ұзақ мерзімді әлеуметтік қолдаудың маңызды нысандарының бірі болып табылады.