Зейнетақы мөлшері Қазақстанда неге байланысты?

Зейнетақы мөлшері Қазақстанда неге байланысты?

Зейнетақы төлемдерінің мөлшері барлық азаматтар үшін бірдей емес. Ол жеке тәртіппен айқындалады және еңбек өтіліне, зейнетақы жүйесіне қатысуына, табыс мөлшеріне, сондай-ақ зейнетақы жинақтарының көлеміне байланысты болады.

Зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек қызметінің әртүрлі кезеңдері және азаматтың зейнетақы құқықтарын растайтын мәліметтер ескеріледі. Сондықтан еңбек қатынастарын уақтылы ресімдеу және міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аудару болашақ зейнетақымен қамсыздандыру үшін маңызды.

Қазақстандағы зейнетақымен қамсыздандыру бірнеше құрамдас бөліктен тұрады.

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі (МБЗТ) азаматтың зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты.

Жасына байланысты зейнетақы төлемі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне және орташа айлық табысқа байланысты.

Жинақтаушы зейнетақы төлемі азаматтың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарының мөлшеріне байланысты.

МБЗТ мен жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауды Департамент жүзеге асырады. Төлемдерді тағайындау үшін азамат белгіленген тәртіппен Мемлекеттік корпорацияға өтініш беруі қажет.

2026 жылы жасына байланысты зейнетақы төлемдері:

  • ерлерге – 63 жасқа толғанда;
  • әйелдерге – 61 жасқа толғанда тағайындалады.

Бұл ретте заңнамада зейнетақы төлемдерін тағайындаудың ерекше шарттары қолданылатын азаматтардың жекелеген санаттары көзделген.

Жаңадан тағайындалатын жасына байланысты зейнетақы төлемін есептеу үшін ескерілетін табыс заңнамада белгіленген шектен аспауға тиіс. 2026 жылы есептеу үшін алынатын ең жоғары табыс 55 АЕК-ті, яғни 237 875 теңгені құрайды.

МБЗТ мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне тікелей байланысты және оған:

  • 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін қалыптасқан еңбек өтілі;
  • МЗЖ төленген кезеңдер;
  • Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес есепке алынатын өзге де кезеңдер кіреді.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз болған немесе ол болмаған жағдайда, МБЗТ мөлшері күнкөріс деңгейінің (КД) 70%-ын құрайды.

10 жылдан асатын өтілдің әрбір толық жылы үшін оның мөлшері 2%-ға ұлғайтылады, бірақ КД-нің 118%-ынан аспауға тиіс.

2026 жылы базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге, ең жоғары мөлшері – 60 005 теңге.

Заңнамада еңбек өтіліне әскери қызметке, бала күтіміне, білім алуға және басқа да жағдайларға байланысты жекелеген әлеуметтік маңызы бар кезеңдерді қосу көзделген.

Еңбек қызметін растайтын негізгі құжат – еңбек кітапшасы. Қажетті жазбалар немесе құжаттар болмаған жағдайда заңнамада көзделген өзге де құжаттар, оның ішінде архивтік мекемелердің анықтамалары мен жұмыс орнынан берілген құжаттар ескерілуі мүмкін. Құжаттар болмаған немесе мәліметтерді белгіленген тәртіппен растау мүмкін болмаған жағдайда, жекелеген жағдайларда еңбек қызметінің фактісі сот тәртібімен белгіленуі мүмкін.

МЗЖ төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін айқындауда маңызды рөл атқарады және тиісінше МБЗТ мөлшеріне әсер етуі мүмкін.

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі мен жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу, тағайындау және төлеу тәртібі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы №232 бұйрығымен бекітілген Қағидалармен реттеледі.

Зейнетақы тағайындау кезінде нені білу қажет және зейнетақы төлемдерінің мөлшері неге байланысты? Негізгі талаптар мен тәртіп – біздің инфографикада.