Алматы қаласында мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта құру мәселелері бойынша брифинг өтті

Алматы қаласында мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта құру мәселелері бойынша брифинг өтті

2026 жылғы 17 маусымда Алматы қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы М.Т. Мұратбеков Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мүгедектігі бар адамдар мен халықтың өзге де жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімді және кедергісіз орта қалыптастыру мәселелері бойынша брифинг өткізді.

Брифинг барысында Департаменттің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету саласындағы заңнама талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бойынша атқарған жұмыстарының нәтижелері баяндалды.

Атап айтқанда, ағымдағы жылдың басынан бері әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік инспекторлар мүгедектігі бар адамдар үшін объектілердің қолжетімділігі мәселелері бойынша 45 тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша 32 субъектіге анықталған бұзушылықтарды жою туралы орындауға міндетті нұсқамалар берілді. Сонымен қатар, 6 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 2 миллион теңгеден асты.

Департамент басшысы мемлекеттік бақылаудың негізгі мақсаты тек заң бұзушылықтарды анықтау емес, сонымен қатар мүгедектігі бар адамдардың объектілер мен көрсетілетін қызметтерге толыққанды қол жеткізуіне кедергі келтіретін тосқауылдарды нақты жою екенін атап өтті.

Брифинг барысында қолжетімді ортаны қоғамдық бақылаудың маңызды құралдарының бірі болып табылатын «Инваго» қолжетімділік объектілерінің интерактивті картасының жұмысына ерекше назар аударылды.

Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша Интерактивті картаға әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының 9 212 объектісі енгізілген, оның ішінде 6 210 объект мүгедектігі бар адамдар мен халықтың өзге де жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімді деп танылған. Сонымен қатар объектілерді бейімдеу жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Тек 2026 жылдың басынан бері қала бойынша 1 147 объект қолжетімділік талаптарына сәйкес бейімделді.

Сондай-ақ Департамент басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне мемлекеттік бақылау саласындағы алдағы өзгерістер туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексіне сәйкес 2026 жылғы 1 шілдеден бастап объектілердің қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияға қол қою рәсіміне қатысу жөніндегі өкілеттіктер Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне беріледі.

М.Т. Мұратбековтің айтуынша, бұл жаңашылдық объектілерді пайдалануға беру кезеңінде қолжетімділік талаптарының сақталуына бақылауды күшейтуге және мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік және қоғамдық инфрақұрылым объектілеріне кедергісіз қол жеткізу құқықтарын қорғауды одан әрі қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Брифинг соңында Департамент басшысы әлеуметтік, коммерциялық және қоғамдық инфрақұрылым объектілерінің меншік иелері мен теңгерім ұстаушыларын кедергісіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруға және объектілерді Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестендіруге шақырды.

Департамент мүгедектігі бар адамдардың объектілер мен көрсетілетін қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіру және инклюзивті қалалық ортаны дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.