Алматыда МӘС-ке жолданатын құжаттардың сапасына бақылау күшейтіледі

Алматыда МӘС-ке жолданатын құжаттардың сапасына бақылау күшейтіледі

Алматы қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдерімен және қаладағы медициналық ұйымдардың дәрігерлік-консультациялық комиссияларының (ДКК) төрағаларымен бірлескен кеңес өткізді.
Кеңесті Департамент басшысының орынбасары Ниязбекова Р.С. және медициналық-әлеуметтік сараптаманы әдіснама және бақылау бөлімінің басшысы Қасымова Р.А. жүргізді.
Кеңес барысында медициналық-әлеуметтік сараптамаға (МӘС) жолданатын құжаттарды рәсімдеу сапасы, сондай-ақ МӘС-ке негізсіз және сапасыз рәсімделген қорытындыларды анықтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар қаралды.
Қатысушыларға жалған және шындыққа сәйкес келмейтін медициналық құжаттарды ұсыну фактілері туралы, сондай-ақ құжаттарды қолдан жасау белгілері анықталғаны жөнінде ақпарат жеткізілді.
Дәрігерлік-консультациялық комиссиялардың медициналық-әлеуметтік сараптамаға негізсіз және жалған жолдамалар беруіне жауапкершілігін күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Кеңес қорытындысы бойынша:
МӘС-ке жолданатын медициналық құжаттардың сапасы мен шынайылығына бақылауды күшейту;
жолдама құжаттарын рәсімдеу кезінде ДКК мүшелерінің дербес жауапкершілігін қамтамасыз ету;
медициналық қорытындыларды дайындаудың қолданыстағы тәсілдері мен тетіктерін жетілдіру мәселелерін пысықтау;
медициналық ұйымдар арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейту ұсынылды.
Мүгедектікті белгілеу рәсімдерінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстар аясында мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.