
2026 жылғы 03 ақпанда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің № 1 МӘС бөлімі №10 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігерлері мен бейінді мамандарына арналған медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері бойынша техникалық оқыту өткізді.
Оқыту барысында бөлім басшысы азаматтарды куәландыру нормативтік-құқықтық актілерге, атап айтқанда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 260 бұйрығымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтті. Аталған қағидада МӘС-ке жолдау мерзімі, оны жүргізу тәртібі, куәландырудың негізділігі, сондай-ақ МӘС-ке арналған №031/е нысанындағы қорытындыны сапалы рәсімдеу талаптары нақты көрсетілген.
МӘС-ке қорытындыны (№031/е нысаны) дұрыс және негізді рәсімдеу маңыздылығына аса назар аударылды, яғни әрбір нақты жағдайда шығарылатын шешімде қолданылатын көрсеткіштер айқын көрсетілуі тиіс. Мысалы: жүректің ишемиялық ауруы бар пациенттерді куәландырудың негізгі көрсеткіштері - аурудың клиникалық түрі, созылмалы коронарлық жеткіліксіздіктің дәрежесі, миокардтың жиырылу қабілетінің жағдайы, ырғақ пен өткізгіштік бұзылыстарының болуы, сондай-ақ тіршілік әрекетінің шектелуіне әкелетін басқа да асқынулар болып табылатыны атап өтілді.
Сонымен қатар, уақытша еңбекке жарамсыздық мерзімдерін дұрыс айқындау қажеттілігіне басты назар аударылды. Көп жағдайда медициналық ұйымдардың дәрігерлері уақытша еңбекке жарамсыздық мерзімін бақыламайды, ол асқынусыз миокард инфаркті кезінде уақытша еңбекке жарамсыздық парағын негізсіз 120 күнге дейін ұзарту немесе уақытша еңбекке жарамсыздықтың белгіленген мерзімінен асып жіберуіне әкеледі. Медициналық ұйымдардың дәрігерлері нақты әр пациенттің еңбек ету мүмкіндігін, еңбекке бейімділігін мен оңалту әлеуетін дер кезінде бағалауы тиіс, пациенттерді тек «Миокард инфаркті» диагнозы негізінде формалды түрде МӘС-ке жолдауға жол бермеуі тиіс.
Медициналық ұйымдар дәрігерлері тарапынан жіберілетін қателіктер санын азайту және пациенттерді медициналық-әлеуметтік сараптамаға негізсіз жолдаудың алдын-алу мақсатында төмендегі шешімдер:
1. Жалпы тәжірибелік дәрігерлер, бейінді мамандар мен МӘС мамандары арасында қате толтырылған МӘС қорытындыларын егжей-тегжейлі талқылай отырып, бірлескен семинарлар өткізу арқылы өзара іс-қимылды жетілдіру;
2. Пациенттерді медициналық-әлеуметтік сараптамаға уақытылы және негізді түрде жолдауға бақылауды күшейту;
3. Анықталған бұзушылықтар бойынша дәрігерлердің дербес жауапкершілігі мен оларға қолданылатын шаралар мәселесін қарастыру ұсынылды.