
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылау және ақпараттық түсіндіру бойынша кеңес өтті.
Іс-шараға (zoom платформасы арқылы) Департамент басшылығы мен қызметкерлері, әлеуметтік әріптестер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Қоғамдық кеңесінің мүшелері қатысты.
Өз сөзінде Министр жаңа Негізгі заң жобасында адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде нақты бекітілгенін, сондай-ақ әділеттілік, заң үстемдігі және тең мүмкіндіктер қағидаттарына ерекше назар аударылғанын атап өтті.
Кеңеске қатысушылар ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға берік негіз қалайтынын атап өтті.
Жаңа конституциясының жобасы азаматтардың, саяси партиялардың, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары негізінде дайындалды.
Конституция жобасының 31-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматына жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшеріне кепілдік беріледі, сондай-ақ жасына, науқастануына, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты және өзге де заңды негіз бойынша әлеуметтік қамсыздандыруға кепілдік беріледі. Қазақстан Республикасында ерікті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандырудың өзге де үлгілерін және қайырымдылық жасау қолдау табады.
Құжат жобасы бойынша ұсыныстар қабылдау e-Otinish және eGov порталдары арқылы жалғасып жатыр. Жаңа Конституция бойынша нақты шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайтын болады.