Саяси қуғын-сүргiндер құрбандары ретiнде сондай-ақ КСР Одағы мемлекеттiк өкiметтiң жоғары органдарының құжаттары негiзiнде Қазақстанға және Қазақстаннан күштеу арқылы құқыққа қарсы қоныс аударуға ұшыраған адамдар да танылады.
«Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заңына сәйкес, саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккендер ретiнде ата-аналармен немесе олардың орнындағы адамдармен бiрге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныс аударуда болған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балалары, сондай-ақ қуғын-сүргiн кезiнде он сегiз жасқа толмаған және оның қолданылуы нәтижесiнде ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балалары танылады
Ақтау туралы өтiнiштi ақталушылардың өздерi, сондай-ақ кез келген адамдар немесе мүдделi қоғамдық бiрлестiктер қуғын-сүргiндердi қолдану туралы шешiм қабылдаған органның немесе лауазымды адамның тұрған жерi бойынша сот тәртiбiнде - прокуратура органдарына, әкiмшiлiк не басқа тәртiпте - iшкi iстер немесе ұлттық қауiпсiздiк органдарына бередi.
Ақтау туралы өтiнiш бойынша шешiм қабылдау үшiн мерзiм қарауына жататын органға өтiнiш түскен күннен бастап үш айдан аспауы керек.
Прокуратура органдары қуғын-сүргiнге ұшыраған азаматтардың не басқа адамдардың немесе мүдделi қоғамдық бiрлестiктердiң өтiнiштерi бойынша ақтауға жататын адамдарға арналған барлық iстердi соттардың күшiн жоймаған шешiмдерiмен бiрге тексеруге мiндеттi.
Тексеру материалдары бойынша прокуратура органдары қорытынды жазып, соның негiзiнде өтiнiш иесiне ақтау туралы анықтама бередi.
Жоғарыда көрсетілген Заңның 22-бабына сәйкес, күзетпен қамауға алу, бас бостандығынан айыру, психиатриялық мекемелерге жатқызу, арнайы қоныс аударуға жiберу түрiнде негiзсiз қуғын-сүргiндерге ұшыраған немесе шектеулi бостандық жағдайларында (оның iшiнде "еңбек армиялары", "Ішкi iстер халық комиссариатының жұмысшы колонналары" деп аталатындарда) мәжбүрлеп еңбекке тартылған және ақталған адамдарға, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарында олармен бiрге отырған балаларға, жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының балаларына не ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған балаларға олардың тұрғылықты жеріндегі әлеуметтiк қорғау органдары ақтау және көрсетілген орындарда болған уақыты туралы құжаттар негiзiнде бюджет қаражатынан көрсетілген орындарда болған әр айы үшiн республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және әлеуметтiк қорғау органдарына өтiнiш жасаған кезге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің төрттен үш бөлiгi есебiнен, бiрақ айлық есептік көрсеткiштің 100 еселенген мөлшерінен артық емес ақшалай өтемақы төлейдi.
Өтем бiржолғы түрiнде, сондай-ақ басқа тәртiпте, ақталған адам әлеуметтiк қорғау органдарына өтiнiш жасағаннан кейiнгi алғашқы үш ай iшiнде жалпы соманың кемiнде үштен бiрi төленген жағдайда берiледi, ал қалған сомасы кемiнде екi жыл iшiнде төленедi.
Өтемнiң есептелген сомалары айлық есептік көрсеткіштің өзгеруiне сәйкес индекстеледi.
Өтем есептелiп, бiрақ оны ақталған адам қайтыс болуы себептi алмаған реттен басқа жағдайларда, мұрагерлерге төленбейдi.
«Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына ақшалай өтемақы төлеу» қағидаларының 3-тармағының 3тармақшасына сәйкес, ақшалай өтемақы алуға құқығы бар азаматтар ақшалай өтемақы тағайындау үшiн тұрғылықты тұратын жерi бойынша ақшалай өтемақы төлеу жөнiндегi уәкілетті ұйымға мыналарды ұсынады:
1) «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына ақшалай өтемақы төлеу» қағидаларының 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш;
2) жеке басты куәландыратын құжат;
3) ақшалай өтемақы алу құқығын растайтын құжат (прокуратура органдарынан немесе сот органдарынан Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы Заңның 22-бабында көрсетілген орындарда болған кезеңі көрсетіліп ақталғаны туралы анықтама).
Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының балалары үшін қосымша – туу туралы куәлік не тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасынан үзінді көшірме, прокуратура органдарынан немесе сот органдарынан Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы Заңның 22-бабында көрсетiлген орындарда болған кезеңі көрсетіліп ата-анасының біреуінің ақталғаны туралы анықтама.
Ақшалай өтемақы тағайындау үшiн қажеттi құжаттардың түпнұсқасы және салыстырып тексеру үшiн көшiрмелері аудандық (қалалық) ақшалай өтемақы төлеу жөнiндегi уәкiлеттi ұйымдарға ұсынылады.
Ақтау туралы анықтамада бас бостандығынан айыру орындарында, психиатриялық мекемелерде, арнайы қоныстарда болған уақыты, сондай-ақ бас бостандығы шектеулi жағдайда мәжбүрлi еңбекке (оның iшiнде "еңбек армиясы", "НКВД жұмысшылар колониясы" деп аталатындарда) тартылған уақыты туралы ақпарат жеткiлiксiз көрсетiлген жағдайда ақшалай өтемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органдар мен ақшалай өтемақы беру жөнiндегi уәкiлетті ұйымдар прокуратура органдарының архивтерінен қосымша анықтамаларды сұратып алады.