
Мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтер – бұл олардың өмір сүру сапасын жақсартуға және қоғамға кірігуіне бағытталған кең көлемді қолдау шаралары. Бұл қызметтер үй жағдайында, арнайы мекемелерде немесе әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсетілуі мүмкін. Біз әлеуметтік қызметтердің негізгі бағытына тоқталдық – Арнайы әлеуметтік қызметтер (АӘҚ).
Арнайы әлеуметтік қызметтер келесі тұлғаларға көрсетіледі:
психоневрологиялық патологиясы бар мүгедектігі бар балаларға;
тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға;
он сегіз жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар мүгедектігі бар адамдарға;
бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
егде жасына байланысты өз-өзіне қызмет көрсете алмайтын адамдарға;
уақытша тұру жағдайында – тұрақты тұратын жері жоқ, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және (немесе) пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға.
АӘҚ келесі жағдайларда көрсетіледі:
– стационарлық жағдайда;
– жартылай стационарлық жағдайда;
– үй жағдайында.
Біз 2023 жылғы 22 маусымдағы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің №230 бұйрығына қосымша 1 – Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызметі қағидаларына сәйкес әрекет етеміз.
Стационарлық үлгідегі ұйымдар келесі түрде құрылады:
– арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары,
– әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары,
– шағын сыйымдылықтағы үйлер.
Жартылай стационарлық үлгідегі ұйымдар келесі түрде құрылады:
– күндізгі болу бөлімшесі (орталығы),
– оңалту орталығы,
– аумақтық орталық,
– шағын сыйымдылықтағы үйлер.
Үйде қызмет көрсету ұйымдары келесі түрде ұйымдастырылады:
– үйде әлеуметтік көмек көрсету қызметі/бөлімшесі,
– отбасын қолдау қызметі.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында 2025 жылғы 20 маусымда Алматы қаласы бойынша Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің №2 МӘС бөлімі №25 қалалық емханада ВКК төрағасының, бөлім меңгерушілерінің, сарапшы дәрігерлердің, жалпы тәжірибе дәрігерлері мен бейінді мамандардың қатысуымен кеңес өткізді.
Кеңесте медико-әлеуметтік сараптамаға қорытынды рәсімдеуде жіберілетін негізгі қателіктер, пациенттерді МӘС-ке жолдау кезінде медициналық құжаттаманы, соның ішінде жеке оңалту бағдарламасының әлеуметтік бөлігін сапалы толтыру мәселелері қарастырылды.