
2026 жылдың 1 қыркүйектегі жағдай бойынша арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін 632 ұйым лицензия алды. Бүгінде мұндай қызметтермен 108 мыңға жуық адам қамтылған. Сапалы әлеуметтік қызмет адамға қажетті көмекті уақтылы көрсетуге, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, кәсіби қолдау ұсынуға, лайықты жағдай жасауға, сондай-ақ оның құқықтары мен қадір-қасиетін сақтауға бағытталған. Арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау осы талаптардың орындалуын қамтамасыз етеді. 2025 жылдан бастап мұндай ұйымдардың қызметі белгіленген лицензиялық талаптарға сәйкес жүргізіледі. Лицензия беру кезінде ұйымның арнайы әлеуметтік қызметтерді белгіленген талаптарға сай көрсетуге дайындығы бағаланады. Атап айтқанда, мамандармен қамтамасыз етілуі, материалдық-техникалық базасы, қызмет алушыларға қажетті жағдайлардың жасалуы ескеріледі. Бүгінде 632 ұйым лицензия алған болатын. Оның ішінде 466-сы мемлекеттік мекеме, 166-сы үкіметтік емес ұйым. Жалпы 704 лицензия берілді. Лицензия алған ұйымдардың қатарында 34 оңалту орталығы да бар. Олардың қызметтерімен шамамен 2,2 мың адам қамтылған. Оның ішінде 13 орталық балаларға қызмет көрсетеді, онда 562 бала көмек алады. Толығырақ Instagram | Facebook | Aitu | Threads | YouTube