Қолжетімді орта – баршаға ортақ міндет

Қолжетімді орта – баршаға ортақ міндет

Қолжетімді орта қалыптастыру – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Оның басты мақсаты – мүгедектігі бар адамдардың және халықтың жүріп-тұруы шектеулі өзге де топтарының қоғамдық өмірге толыққанды қатысуына мүмкіндік жасау. Әрбір азамат мемлекеттік қызметтерді кедергісіз алып, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік маңызы бар объектілерге еркін кіріп-шыға алуы тиіс.

Осы бағыттағы мемлекеттік бақылауды Ақтөбе облысы бойынша Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті жүзеге асырады. Департамент қолжетімділік талаптарының сақталуын бақылап қана қоймай, анықталған кемшіліктерді жоюға бағытталған нақты шараларды қабылдайды.

Өткен жылы Департамент 36 жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жүргізсе, оның 21-і қолжетімді орта мәселелеріне арналды. Нәтижесінде 284 заң бұзушылық анықталып, оларды жою туралы 21 нұсқама берілді. Сонымен қатар екі заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 707 мың теңгеден астам айыппұл салынды.

Биылғы жылдың жеті айында 18 тексеру өткізілді. Оның ішінде бес тексеру қолжетімділік талаптарының сақталуына қатысты болды. Нәтижесінде 331 заң бұзушылық анықталды, оың ішінде - 77-сі қолжетімділік мәселесіне қатысты. Анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында 18 нұсқама берілді және 778500 теңге мөлшерінде екі әкімшілік айыппұл салынды.

Бүгінде inva.gov.kz порталындағы Қолжетімділік картасы азаматтар үшін маңызды ақпараттық ресурсқа айналды. Ақтөбе облысы бойынша картаға 1336 объект енгізілген. Қалалық және аудандық жұмыспен қамтамасыз ету және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің ақпараттарына сәйкес соның ішінде 942 нысан бейімделген. Онда әрбір нысанның фотосуреттері, қолжетімділігі туралы мәліметтер жарияланып, тұрғындардың пікір қалдыруына мүмкіндік жасалған.

Департамент бақылау шараларын Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сәйкес профилактикалық бақылау аясында немесе азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштері негізінде жүргізеді. Сондықтан тұрғындардың белсенділігі ерекше маңызды. Егер қолжетімділік талаптарына сәйкес келмейтін объект анықталса, оның атауы мен мекенжайын көрсетіп, фото немесе бейнематериалдарды қоса тіркеп, Департаментке хабарлауға болады.

Сондай-ақ 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Департаментке жаңа функция жүктелді. Енді халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділік талаптарының сақталуына қатысты объектілердің сәйкестік декларациясын келісу құзыреті берілді. Осыған байланысты кәсіпкерлер мен объект иелеріне кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Қолжетімді орта – бұл тек заң талаптарын орындау емес. Бұл – қоғамның адамға деген құрметінің, әлеуметтік жауапкершілігінің және өркениеттілігінің көрсеткіші. Баршамыз бірлесе әрекет еткенде ғана әрбір азамат үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыра аламыз.