
Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау, олардың қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасау және өмір сапасын арттыру болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмалары, әлеуметтік әділеттілік қағидаттары және инклюзивті қоғам қалыптастыру мақсаттарына сәйкес жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Бүгінде мүгедектігі бар азаматтарды қолдау мәселесі мемлекет назарындағы негізгі әлеуметтік міндеттердің біріне айналды. Қазақстанда әлеуметтік қорғау жүйесі кезең-кезеңімен жетілдіріліп, заңнамалық база нығайтылып, қолдау шаралары кеңейтілуде. Мемлекеттің басты мақсаты – тек әлеуметтік көмек көрсету ғана емес, әрбір азаматтың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасау.
Қазіргі таңда елімізде мүгедектігі бар адамдарды қолдаудың кешенді жүйесі қалыптасқан. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету, жеке көмекші қызметтері, ымдау тілі мамандарының қызметі, инватакси, санаторийлік-курорттық емдеу, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімдеу шаралары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, кедергісіз орта қалыптастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде.
Мемлекет тарапынан әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігін арттыру, қоғамдық көлік, білім беру және денсаулық сақтау нысандарында инклюзивті орта құру бағытында жұмыстар жалғасуда.
Әлеуметтік саланың ашықтығы мен тиімділігін арттырудағы маңызды қадамдардың бірі – Әлеуметтік қызметтер порталының енгізілуі болды. Портал арқылы азаматтар техникалық оңалту құралдарын, қызмет көрсетушілерді және қажетті әлеуметтік қызмет түрлерін өз бетінше таңдау мүмкіндігіне ие болды. Бұл жүйенің ашықтығын арттырып қана қоймай, қызмет сапасын жақсартуға және бәсекелестікті дамытуға ықпал етті.
Әлеуметтік саланы цифрландыру – тек қолайлылық мәселесі ғана емес, сонымен қатар бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылаудың маңызды құралы. Ақпараттық жүйелер көрсетілетін қызметтердің сапасын, мерзімінде орындалуын және жеткізушілердің жауапкершілігін бақылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мемлекет бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына ерекше назар аударып отыр. Осыған байланысты техникалық оңалту құралдарын беру тетіктерін жетілдіру бағытында жаңа тәсілдер қарастырылуда.
Қазіргі уақытта техникалық оңалту құралдарының басым бөлігі азаматтарға қайтарымсыз негізде беріледі. Алайда тәжірибе көрсеткендей, кейбір құралдар қажеттілігі жойылғаннан кейін пайдаланылмай қалып, айналымнан шығып қалады. Кей жағдайларда техникалық құралдар ұзақ уақыт бойы қолданылмай сақталады, ал оларды қажет ететін басқа азаматтар кезекте тұрады.
Осыған байланысты жекелеген техникалық оңалту құралдарын уақытша пайдалану және кейін қайтару механизмін енгізу мәселесі талқылануда. Бұл барлық техникалық құралдарға қатысты емес, тек санитарлық өңдеу мен техникалық тексеруден кейін қайта пайдалануға болатын құралдарға қатысты қарастырылуда.
Мұндай тәжірибе көптеген дамыған мемлекеттерде кеңінен қолданылады және өзінің әлеуметтік әрі экономикалық тиімділігін көрсетіп келеді. Қайтару механизмі мұқтаж азаматтарды қажетті құралдармен жедел қамтамасыз етуге, күту мерзімін азайтуға және әлеуметтік қолдау алушылардың қатарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте ең басты қағида – мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен мүдделерін толық сақтау. Ешбір азамат қажетті техникалық құралдарды алу мүмкіндігінен шектелмеуі тиіс. Керісінше, жүйені жетілдіру әлеуметтік қолдаудың сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталуы қажет.
Әлеуметтік саладағы бақылау мен мониторинг жұмыстарын күшейту де ерекше маңызға ие. Заң талаптарының сақталуы, техникалық құралдардың сапасы, қызметтердің уақытылы көрсетілуі және құқықбұзушылықтардың алдын алу тұрақты назарда болуы тиіс.
2026 жылдың алғашқы 4 айында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті профилактикалық бақылау аясында мемлекеттік мекемелерге 9 тексеру жүргізді. Тексеру барысында мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдотехникалық және тифлотехникалық құралдармен, арнайы жүріп-тұру құралдарымен (арбалармен), міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ санаторийлік-курорттық емдеу қызметтерін көрсету мәселелері қаралды.
Тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқамалар беріліп, оларды орындау мерзімдері белгіленеді. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – жазалау емес, заңбұзушылықтардың алдын алу және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту.
Өкінішке қарай, әлеуметтік қызметтер саласында кейбір заңбұзушылықтар, негізсіз делдалдық әрекеттер мен мемлекеттік қаражатты тиімсіз пайдалану фактілері әлі де кездеседі. Мұндай жағдайлар ең алдымен әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың мүддесіне кері әсер етеді.
Сондықтан әлеуметтік саладағы ашықтықты қамтамасыз ету, жеткізушілердің жауапкершілігін күшейту және бақылау жұмыстарын жетілдіру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Инклюзивті қоғам қалыптастыру үшін мемлекет, бизнес, үкіметтік емес ұйымдар және азаматтық қоғам өкілдері бірлесіп жұмыс істеуі қажет.
Бүгінде инклюзия ұғымы – қоғамның өркениеттілігі мен адамгершілік деңгейінің көрсеткіші. Кедергісіз орта қалыптастыру, инклюзивті білім беруді дамыту, мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға қолдау көрсету және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болып қала береді.
Алдағы уақытта да мемлекет мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастыра береді. Әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, әлеуметтік көмектің атаулылығын күшейту және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілетін болады.
Әрбір азамат денсаулық жағдайына қарамастан өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі тиіс. Білім алуға, еңбек етуге, өз қабілетін жүзеге асыруға және белсенді өмір сүруге тең мүмкіндік беру – әділетті әрі әлеуметтік мемлекет құрудың басты қағидаларының бірі.
Ғ. Тұрсынбаев
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау Комиттінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы